Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ДОСТЫҚ САЯБАҒЫНДАҒЫ ДУМАН

Әлбетте, туған жеріңе игілікті іс жасау әр азаматтың мұқалмас парызы. Осыны жете түсінген Кенбай орта мектебін 2006 жылы бітірген 40-шы түлектер 20 жылдық кездесу сәтінде өздері балалықтың бал күндерін өткізген Сағыз ауылына Достық саябағын тарту етті.

Аумағы 1800 шаршы метрді құрайтын саябақтың ішінде жаңа сахна қойылып, адамдар демалып отыратын столдар, балалар ойнайтын ойын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын спорт алаңдарымен жабдықталып, талдар егілген. «Он мыңға тарта тұрғыны бар Сағыз ауылында жөні дұрыс саябақтың жоқтығы көңілге қаяу түсіріп жүр еді. Қуанып қалдық. Осы олқылықтың орнын толтыруға үлес қосқан 40-шы түлектерге алғыс зор. Бұл біраз қомақты қаржыны қажет ететіні сөзсіз. Ауылға тарту осындай-ақ болсын!» деп шынайы шаттық сезімін жасыра алмаған ауыл тұрғындары Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов пен 40-шы түлектердің бірі, осы саябақтың басы-қасында жүріп белсенділік танытқан азамат Абылай Ашықбаев қызыл лентасын қиған, саябақтың салынуында өзіндік үлесі бар Ғаламат Жұбаниязов символикалық кілтін табыс еткен аталмыш саябақта «Сағынышпен жүздесу» атты 20 жылдық түлектердің кездесу кешін тамашалады. Онда түлектердің жетістіктері таныстырылып, ел мақтанышына айналған «Наурыз» тобының жетекшісі Әбдіғапар Темірханов, әнші Ғафура Жанбосынова, Нұрболат Баяшов және тағы да басқа әншілер тамылжыта ән салып, көрерменді бір серпілтіп тастады.

Көңілге көрікті ой салар кеште тебірене сөз сөйлеген 40-шы түлектердің бірі, туып-өскен ауылы мен ауданының дамуы жолында еселі еңбек сіңірген азамат Нұралы Әбишан:

 - Мынау алдарыңызда тұрған бірдей футболкадағы жігіттер мен қыздар осыдан 20 жыл бұрын Кенбай орта мектебінен түлеп ұшып, еліміздің әр түкпіріне, сан тарапқа тарыдай шашылып өздерінің өмірдегі жолдарын іздеуге аттанған болатын. Сол аралықта өздері қалаған мамандықтарының білікті маманына айналып, отбасын құрып, бала тәрбиелеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. «Ер туған жеріне, Ит тойған жеріне» деген сөз бар халқымызда. Бүгінгі түлектердің басқосуы сол туған топырақтарын ұмытпағанының белгісі. Және жай ғана бас қосып қана қоймай ауыл тұрғындарына осындай тамаша саябақты тарту етіп отыр. Бұл саябақты тарту етудегі мақсат – ауыл сәулетінің дамуына, халықтың демалуына қолайлы жағдай жасап, ауыл жастарының достығының нығаюына себеп болсын деген ниет. Жалпы, мұндай саябақ салу кез-келген адамның ойына келе бермейтін, ойына келсе де қолынан келе бермейтін шаруа екендігі белгілі. Осы тұрғыда біздің жігіттер батыл қадамға барып былтыр осы саябақтың құрылысын бастап кеткен болатын. Бір жылдың ішінде өздерінің жеке шаруаларын ысырып қойып, күндіз-түні ұйықтамай қызмет етті. Әсіресе, бұған ауылда тұратын Абылай, Нұрбол, Ғаламат, Әділбек және тағы да басқа достарымыз аянбай тер төкті. Оларға Алла разы болсын! Осы саябақтың салынуына рұқсат беріп, басқа да өзінің қажетті қолдауларын көрсеткен Асхат Гайдарұлы бастаған Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратына да алғысымыз зор. Ауылымыздың одан әрі көркейе беруіне тілеулеспіз. Осындай жақсылықтар жалғасын таба берсін. Сонымен қатар, біздің үш күндік шарамыздың ойдағыдай өтіп, өз мәнінде ұйымдастырылуына басшы болып, өзіне барлық жауапкершілікті алып шапқылап жүрген Дүйсенбек досымыз бастаған жігіттер мен қыздар бар. Оларға да Құдай күш-қуат берсін. Барлығыңызға амандық тілеймін, - деп ағынан жарылды.

Жасалған жұмысты көре білу де ізгіліктің нышаны ғой. Шарада туған ауылына ерекше сый жасаған 40-шы түлектердің белсенді азаматы Абылай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Ғибадат Тұрғалидың «Бұл менің Сағызым» атты жаңа әнінің тұсауы кесіліп, оны Ғибадат Тұрғали мен 40-шы түлектің белсенді азаматы Нұрбол Рысжанов тамылжыта шырқады. Сөйтіп, Достық саябағындағы думан тәмамдалды. Ал біз «Осы саябақ ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл сыйлайтын саялы саябақ болғай!» деген ізгі тілекпен тарқастық. Айта кетерлігі – өздері білім алған Кенбай орта мектебіне барған 40-шв түлектер табан астында аталған мектептің ту тұғырын ауыстырып беру жөнінде шешім қабылдап,уәделерін берді. Бұл да туған ауылға жасалар қайырымды іс екендігі анық. Ендеше, туған ауылының көркеюін ойлаған азаматтар көп болса игі дейсің! 

Бауыржан АМАНҰЛЫ

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT