Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Бес өңірдің өнері тоғысқан ұлы мереке

Көктемнің кербез лебі Жайық жағасын әлдилеп, тіршілік атаулыға жан бітірген шақта Атырау төрінде Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз айрықша айбынмен аталып өтті. Исатай мен Махамбет алаңында өткен «Қош келдің, Әз Наурыз!»мәдени-көпшілік іс-шарасы елдің рухани әлемін байытып, ұлттық өнердің жауһарларын бір арнаға тоғыстырған тағылымды думанға айналды.

Мерекенің шымылдығы ашылған сәттен бастап-ақ сахна кеңістігі ерекше бір тылсымға толды. Дауылпаздың күмбірлеген үні көне дәуірдің үніндей жаңғырып, уақыт пердесін түргендей әсер қалдырды. Сол бір сәтте дала тынысы, бабалар рухы, ұлттың жады – бәрі бір арнада тоғысқандай күй кешілді. Көрісу мен қауышу, амандық пен сағыныштың көрінісі сахна төрінде табиғи үйлесім тауып, көрерменді бірден қазақы болмыстың қайнар көзіне жетеледі. Көп ұзамай байтақ даланың әр өңірінен жеткен өнер керуені Атырау аспанын ән мен жырға бөлеп, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

Маңғыстаудың маңғаз даласынан жеткен өнер иелері Каспийдің толқынындай толқып келіп, елге ақжарма тілегін арнады. Солардың алдыңғы сапында келген Сүгір сарыны – жыр мен күйдің тұнығы еді. Оның термесі сахна кеңістігін ғана емес, көрерменнің жүрек түкпірін де тербеп, ұлттың рухани тамырынан сыр шертті. Арқа даласының асқақ рухы да бұл мерекеде айқын көрініс тапты. Сарыарқаның сайын кеңістігінен жеткен әуендер еркіндік пен өрліктің символындай шырқалды. Балуан Шолақ пен Иса сынды біртуар тұлғалардың өнері сахнада қайта жаңғырып, сал-серілік дәстүрдің мәңгілік екенін дәлелдеді. Біржан мен Ақанның, Үкілі Ыбырай мен Жаяу Мұсаның ізі қалған қасиетті өнер мектебі бұл күні тағы бір мәрте ел жадында жаңғырды. Алатаудың баурайынан жеткен Жетісу өнері нәзіктігімен, сыршылдығымен дараланды. Кененнің көкшолақ сарыны көктем самалындай ескенде, көрермен жүрегіне жылылық ұялады. Жетісудың жібек әуені – махаббат пен сұлулықтың, сезім мен сағыныштың үні іспетті.

 Сол саз арқылы даланың көркем болмысы, халықтың жан дүниесі айқын бедерленді. Алтай мен Тарбағатайдың асқарынан жеткен өнер де мерекеге айрықша өң берді. Тау самалындай таза, мөлдір әуендер кеңістікті кернеп, табиғат пен адам арасындағы үйлесімді сездірді. Алтайдың асқақ үні – биіктіктің, тазалықтың, рухтың символындай қабылданды. Сыр бойының жыраулық дәстүрі де думанның шырайын аша түсті. Қорқыттың қоңыр сарынынан бастау алған жыр арнасы Нұртуған сынды сүлейлердің ізімен жалғасып, көрерменді терең толғанысқа бөледі.

Сырдың жыры халықтың тағдыры мен тарихының көркем шежіресі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Осылайша, қазақтың кең байтақ даласындағы Батыс, Арқа, Жетісу, Алтай және Сыр өңірінің өнері бір сахнада тоғысып, ұлттық руханияттың тұтас келбетін айшықтады.

Мерекенің мәнін тереңдете түскен тағылымды сәттің бірі – баталы сөз еді. Даналыққа толы толғау арқылы халықтың бірлігі мен ынтымағы, кең пейілі мен бауырмалдығы дәріптелді. Ата-бабадан жеткен аманаттың салмағы мен қадірі айқын сезіліп, көпшілік жүрегіне ізгілік ұялатты.

Салтанатты жиынның жалғасы да мерекелік көңіл күймен өріліп, ақжарма тілектер мен шаттыққа толы сәттерге ұласты. Балалардың сыңғырлаған үні, өнерпаздардың әуелеген әні, ұлттық бояуға қанық концерттік бағдарламалар – барлығы да Наурыздың шынайы болмысын айқындады. Атырау төрінде өткен бұл думан – бір күндік қуаныштан әлдеқайда терең, мағынасы мол мереке болды. Көктеммен бірге келген әз Наурыз әр жүрекке жылулық сыйлап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін деген ізгі тілек көптің көңілінде мәңгі жаңғыра бермек. Мерекелік думанның мазмұнды өрнегі екінші бөлімде салтанатты сипат алып, көпшіліктің айрықша ықыласына бөленді.

 Сахна төрін кернеген әуен мен фанфар үні Ұлыстың ұлы күніне деген құрметті еселей түсіп, алаңға жиналған жұрттың көңілін бір серпілтті. Осы сәтте аймақ жұртшылығын көктем мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Серік Шәпкенов әз Наурыздың ел өміріндегі орнына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде бұл мейрамның тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, ел бірлігі мен татулығын нығайтатын ерекше кезең екенін атап өтті. Сондай-ақ өңір тұрғындарына амандық, әр шаңыраққа береке-бірлік тілеп, халықтың ырысы мен ынтымағы арта берсін деген ақжарма тілегін жеткізді.

Салтанатты бөлімнің көркем жалғасы балалар хорының орындауындағы әсерлі әнмен өріліп, көктемнің шаттығы мен Наурыздың әсем бейнесі әуен арқылы көрініс тапты. Балғын дауыстардан төгілген ән алаңға ерекше жылылық сыйлап, көрермен көңілін көтерді. Мереке аясында алаңның әр тұсында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, халықтық дәстүрдің жанданған көрінісі байқалды. Ер жігіттер арқан тартысып, күш пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Тартысты өткен сайыста білектің күші мен бірліктің маңызы айқын аңғарылды. Ал енді бір жерде жігіттер қой көтеріп, қайрат пен төзімділіктің сынға түскен сәттері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

 Бұл көріністер Ұлы дала мұрасының бүгінгі күнмен сабақтасып жатқанын дәлелдей түсті. Мерекелік бағдарламаның келесі бөлігінде арнайы шақырылған өнер ұжымдары сахна төріне шығып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Алатау бөктерінен келген “Алатау серілері” әсем әуендерімен жұртшылықты тәнті етсе, елімізге белгілі әнші Әділет Жауғашардың ән шашуы думанның көркін қыздыра түсті. Оның орындауындағы әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің шырайын аша түсті. Жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама да мазмұнды өріліп, өңірдің өнерге бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ән мен жыр, би мен дәстүр үйлесім тапқан бұл кеш Наурыз мейрамының шынайы болмысын айқындай түсті.

 Осылайша, Атырау төрінде өткен әз Наурыз мерекесінің ресми бөлімі де мазмұнды әрі тағылымды сипат алып, халықтың бірлігі мен рухани тұтастығын айқын көрсетті. Көктеммен бірге келген бұл мейрам әр жүрекке үміт ұялатып, ел ертеңіне деген сенімді нығайта түсті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT