Жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында еліміз үшін маңызды шара – референдумның жоғары деңгейде өтуіне еңбек сіңірген азаматтар марапатталды.
Шараны ашқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Биыл еліміз ұлт жылнамасындағы жаңа белеске қадам басып, жаңа Конституцияға арналған референдум өтті. Қабылданған жаңа Конституция тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтайды, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Аталмыш референдумға аудан тұрғындары да белсенді қатысып, берекелі бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетті. Бұл Сіздердің елімізде болып өткен үлкен саяси науқанда жауапкершілік танытып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жұмыстарыңыздың нәтижесі, - деді.
Бұдан кейін аудан басшысы жана Конституция жобасын қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыруға және өткізуге айрықша атсалысып, ел келешегі жолындағы қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаға белсенді қатысқан №147 учаскелік референдум комиссиясының комиссия хатшысы Гүлжамал Құлбаеваға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Алғысын табыс етсе, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев, аудан әкімі аппараты мемлекеттік көрсетілген қызметтер, ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Серікбай Тапаев, №160 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі Алтынгүл Ержановаларды Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ аталмыш шарада барлық учаскелік референдум комиссиясының төрағалары, бірқатар мемлекеттік қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Олардың арасында әріптесіміз Бауыржан Бердіғалиев те бар. Шарада өз тілегін білдірген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқанов жалпыхалықтық референдумды өткізуге белсене қатысқан жандарға алғысын білдіріп, марапат иелерін құттықтады.
Өз тілшіміз


