Атырау қаласында Азаттық даңғылының Абай көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі аралығында автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жобаға тапсырыс беруші – қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Ал бас мердігер ретінде «Достық Спец Транс» ЖШС белгіленген. Жоспарға сәйкес, жөндеу жұмыстары 9 ай ішінде толық аяқталуы тиіс. Жалпы ұзындығы 2375 метрді құрайтын бұл жол учаскесі қаладағы маңызды көлік бағыттарының бірі саналады.

Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығалидің айтуынша, қазір орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында жолдың асфальт жабынының беткі қабаты толықтай кесіліп, қырылып, орнына жаңа екі қабатты асфальт төселеді. Сонымен қатар, аталған даңғыл бойында орналасқан ескі жылу жүйелерінің құбырларын жаңарту жұмыстары да қатар жүзеге асырылып жатыр.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


