Қашанда, ақпараттың дәлдігі мен шынайылығын басты ұстаным еткен журналистер халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып, қоғамдық пікірдің қалыптасуына, елдегі тұрақтылық пен бірліктің нығаюына өз үлестерін қосып келеді. Ендеше, осынау құрметке ие сала мамандары мен ардагерлерін төл мерекелеріне байланысты құрмет көрсетсе керемет емес пе?!
Осыған орай, сейсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара болып өтті. Шарада алдымен сөз алған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Журналист – тек жаңалық таратушы ғана емес, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін, елдік мүддені насихаттайтын тұлға. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың жетістіктері кеңінен насихатталып келеді. Бұл – зор жауапкершілік пен үлкен сенімнің көрінісі. Осы ретте, алдыңғы буын сала ардагерлерінің де еңбегі зор, – деген тілегін білдірді.
Салтанатты шара барысында, "Атырау-Ақпарат" медиахолдингінде Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шарада Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов мадақталды.
Одан соң, Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов пен "Атырау-Ақпарат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрболат Елеусіновтың Алғыс хатын "Қызылқоға" газетінің бет құрушы - дизайнері Әдемі Қабдолова мен тілші Гүлмира Тілегенова иеленді.
Сондай-ақ, мерекелік жиында журналистика саласының дамуына ұзақ жыл өлшеусіз үлес қосқан сала ардагерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Айталық, сала ардагерлері Табылды Айсағалиев, Әлима Бишекина, Шолпан Сұлтанғалиева және Ерсайын Қайыровалар аудан әкімінің Құттықтау хатымен бірге "Атырау-Ақпарат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Олар аудандық баспасөздің қалыптасуы мен дамуына, жас журналистерді тәрбиелеуге өлшеусіз еңбек сіңірген тәжірибелі мамандар ретінде зор құрметке ие.
Бұдан бөлек, аудандық «Қызылқоға» газетінің бірнеше қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етіліп, олардың кәсіби еңбегі мен шығармашылық ізденістері жоғары бағаланды.
Жиында сөз алған сала ардагері Табылды Айсағалиев журналист мамандығының қоғам алдындағы жауапкершілігі ерекше екенін атап өтіп, бүгінгі буынға адалдық пен кәсіби ұстанымнан айнымауға шақырса, "Қызылқоға" газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов шығармашылық ұжымға көрсетілген құрмет пен қолдау үшін аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, ел ішіндегі игі бастамаларды кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасао беретіндігін тілге тиек етті.
Мерекелік шара Арман мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем ән мен күмбірлеген күй кештің сәнін келтіріп, мерекенің мазмұнын арттыра түсті. Шара соңында журналистер мен сала ардагерлері аудан басшысымен бірге естелік суретке түсіп, ізгі тілектермен тарқасты.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА




