Атырауда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтіп, денсаулық сақтау саласының үздік мамандары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар өңірдегі медицина кадрларын әлеуметтік қолдау мақсатында бірқатар мамандарға қызметтік пәтер кілттері табысталды.
Шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, медициналық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев медицина қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалап келеді. Мемлекет басшысы өз сөздерінің бірінде: «Дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл мамандық ерекше жанашырлық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді» деп атап өткен болатын. Шынында да, адам өмірі үшін күресу, азаматтардың денсаулығын сақтау – үлкен ерлікпен пара-пар қызмет. Сіздер күн сайын осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Бүгінде өңірде медицина саласын дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және кадрларды қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе мамандарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені тұрғын үй – кадр тұрақтылығының негізгі кепілі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие беру үшін 2,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде «Отбасы банк» АҚ арқылы бастапқы жарнасыз және жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен 80-ге жуық медицина қызметкері баспанамен қамтылған.
Салтанатты шара барысында отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі мен халық денсаулығын сақтау жолындағы көпжылдық жемісті еңбегі үшін Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры, фтизиатр дәрігер Байтолла Ғазизов «Құрмет» орденімен марапатталды.

– «Құрмет» орденімен марапатталу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл марапатты халық денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген бүкіл медицина қауымына көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мұндай қамқорлық медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттырып, сала алдында тұрған маңызды міндеттерді сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осы ретте әріптестеріме адал еңбегі мен кәсібіне деген жауапкершілігі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді Байтолла Закарияұлы.
Салтанатты шарада медицина қызметкерлерін ынталандыру және өңірдегі кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жиырма маманға «Таңшолпан» тұрғын үй кешенінен жаңа қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды.
Қызметтік баспанаға ие болғандардың қатарында Атырау облыстық жедел жәрдем станциясының жедел бөлім диспетчері Әлия Сүндетова, Медициналық-әлеуметтік сараптама орталығы бөлімінің басшысы Гүлсім Медетова, №1 Атырау қалалық емханасының ультрадыбыстық зерттеу дәрігері Гүлжихан Ысқақ, Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігер-пульмонологі Гүлмаржан Шекіртқали, облыстық балалар ауруханасының травматолог-ортопеді Насурулла Оңғарбаев және өзге де медицина саласының мамандары бар.

Шара соңында облыс әкімі медицина қызметкерлеріне тағы да алғыс айтып, олардың өңір тұрғындарының денсаулығын қорғаудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Сіздер халықтың сенімін арқалап жүрген абыройлы мамандық иелерісіздер. Елдің амандығы мен ұлт саулығы жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Медицина қызметкерлері күні құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара марапаттау рәсімімен аяқталып, сала үздіктеріне құрмет көрсетілді.
Тоғжан ЕРМЕК




