Атырау облысында көгалдандыру және қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – биыл жылдың соңына дейін жалпы аумағы 9 гектарды құрайтын екі жаңа экопарктің ашылуы, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алғашқы парк 4 гектар аумақты қамтып, Әлия Молдағұлова мен Александр Пушкин көшелерінің бойында орналасады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ерболат Омаровтың айтуынша, жоба әзірлеу барысында қолайлы микроклимат қалыптастыруға және жасыл инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылған.
– Паркте 960 дана сәндік, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар, сондай-ақ гүлдейтін бұталар мен гүлзарлар отырғызу жоспарланып отыр. Тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында лежактар, төрт орындық үстел-кешендер, ашық аспан астындағы жаттығу құралдары, велотұрақтар мен балалар алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар аумақ мүсіндік композициялармен және көлеңкелі қалқалармен абаттандырылып, қоғамдық дәретханалар мен полиция бекеті орнатылады. Жоба аясында бес субұрқақ салу көзделген, – деді Ерболат Омаров.
Екінші экопарк Нұрсая шағынауданында ашылады. Оның жалпы аумағы 4,7 гектарды құрайды. Мұнда балалар ойын алаңдары, субұрқақтар, табиғат аясында демалуға арналған орындар салынып, ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, 500 ағаш отырғызылып, 17 мың шаршы метрден астам аумаққа көгал төселеді. Қазір парктің жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде. Сараптама қорытындысын сәуір айының соңына дейін алу жоспарланып отыр. Экопарк құрылысы биыл жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.


