Атырау қаласында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, ол дәстүрлі түрде ««Сарайшық» коммуналдық базары» жанындағы павильонда ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге келген тұрғындар нарықтағы бағадан төмен ұсынылған азық-түлік өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға тырысты.
Сатылымға қойылған өнімдердің ішінде тауық еті, балық, сүт өнімдері, көкөністер мен шұжық өнімдері болды. Әсіресе күнделікті тұтынатын тауарларға сұраныс жоғары екені байқалды. Сатушылардың айтуынша, жәрмеңке баға жағынан тиімді.
«Әдетте қызанақтың бағасы 1000 теңгеден жоғары сатылса, бүгін біз 950 теңгеден сатып жатырмыз. Сенбі-жексенбі күндері жәрмеңкеге міндетті түрде қатысамыз», – дейді сатушы Тінимова Шолпан.
Сауда таңғы 9-да басталып, түске дейін жалғасады. Мұндай жәрмеңкелердің басты мақсаты – бағаны тұрақтандыру және халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету.
Хұсни ХАМЗА


