Тарих – ұлттың рухани жады, ал архив – сол тарихты сақтап, келер ұрпаққа жеткізетін маңызды орындардың бірі. Өткен кезеңнің тыныс-тіршілігінен сыр шертетін құжаттар мен деректерді жинақтап, сақтау арқылы архив мекемелері ел тарихының сабақтастығын қамтамасыз етіп келеді. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың тарихи құжаттарға деген қызығушылығын арттыру мақсатын көздеп, «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында аудандық архивтың ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті.

Іс-шара барысында, келушілерге архив мекемесінің қызметі, құжаттарды қабылдау, сақтау, жүйелеу және пайдалану тәртібі туралы кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар архив қорларында сақталған тарихи құжаттармен танысып, ауданның өткеніне қатысты құнды деректерді тамашалады.
Ашық есік күні әсіресе өскелең ұрпақ үшін тағылымды болды. Жастарға архив құжаттарының ел тарихын зерттеудегі маңызы түсіндіріліп, әрбір құжаттың артында белгілі бір кезеңнің, ел азаматтарының өмірі мен еңбегінің тарихы жатқандығын ұғындырды. Тарихи деректерді көзбен көріп, олардың сақталу ерекшеліктерімен танысу оқушылардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыра түсті.
Шара барысында архив саласының мамандары келушілердің сауалдарына жауап беріп, архивтен анықтамалар мен құжаттарды алу жолдары жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар цифрландыру жұмыстарының маңызына тоқталып, заманауи технологиялардың архив құжаттарын сақтаудағы және оларды көпшілікке қолжетімді етудегі рөлі түсіндірілді. Сала ардагерлері Қарылғаш Тотайқызы, Халиса Оспантайқызы, Шолпан Жоламанқызы ашық есік күніне арнайы келіп, естелік әңгімелерімен бөлісті.
– Архив – тек өткенді сақтайтын мекеме емес, ол бүгінгі қоғам мен болашақ ұрпақты байланыстыратын алтын көпір. Себебі тарихи құжаттар арқылы кейінгі буын елдің қалыптасу жолын, туған өлкенің даму кезеңдерін, ата-бабаларымыздың еңбегі мен өнегесін тереңірек танып, біледі. «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясындағы мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор. Өйткені тарихи санасы қалыптасқан, өткенін құрметтеген ұрпақ қана ел болашағына жауапкершілікпен қарайды, -дейді аудандық архив басшысы Тілек Жәрдемғалиев.
Тарихты сақтау – баршаға ортақ міндет. Ал архивте сақталған әрбір құжат – ұрпаққа қалдырылған құнды аманат.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА




