Бүгін Халықаралық әйелдер күніне орай «Арман» мәдениет үйінде салтанатты жиын болып өтті. Оған әр ауылдық округтен ақ жаулықты әжелер, көп балалы аналар мен әр салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер арнайы шақырылды.


Жиында құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Қымбатты аналар, апалар, арулар! Баршаңызды көктемнің ең шуақты күні – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданның өркендеп дамуына қосып келе жатқан үлестеріңіз зор екені сөзсіз. Әлеуметтік, медицина, білім, мәдениет, спорт және басқа да салаларда, сондай-ақ ауданның тазалығын қамтамасыз етуде қалтқысыз еңбек етіп жүрген сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні ауданда түрлі әлеуметтік нысандар салынып, күннен-күнге өркендеп келеді. Мұның барлығы аудан тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне бағытталуда. Алдағы уақытта да халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында осындай игі істер жалғаса береді. Жақсы күндеріміз көп болсын! - деп өңірдің өркендеп, дамуы жолындағы абыройлы еңбегі үшін Галина Серікбаева (аудандық аурухана), Айгүл Серікова (Сағыз орта мектебі), Райгүл Араловаларды («Атырау Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) облыс әкімінің, Жаңылсын Өтеғалиды (Миялы ауылдық округі әкімі аппараты) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бір топ ана мен қыз-келіншекті аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан кейін құттықтау тілегін білдірген аудандық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Альберт Аққайнанов бір топ аналар қауымына облыстық және аудандық мәслихат төрағаларының Алғыс хатын табыс етті. Мерекелік марапаттаудан соң көрермендер аудандық оқушылар үйі жанындағы «Самғау» балалар театры (жетекшілері Аманқос Нұржан, Альмира Байтерекова) сахналаған «Қайдасың, мама?» қойылымын тамашалады.
Сонымен қатар салтанатты шарада Миялы балалар өнер мектебінің жанындағы «Аманат» хоры (жетекшісі Ләззат Тастаева) «Мама», «Жігіттер» тобы «Қарақат көздер-ай», «Қыздар, қыздар», «Әйел» әндерін тамылжыта орындап, концерт соңында Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары залда отырған аналар мен қыз-келіншектерге аудан әкімінің атынан гүл шоқтарын табыс етті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ


