Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Алмалы» оңалту орталығы есігін айқара ашты

Бүгін Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығы жұмысын бастады. Қала іргесіндегі Алмалы ауылындағы әлеуметтік маңызы зор бұл нысан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында пайдалануға берілді.

Жаңа нысанның ашылу рәсімінде облыс әкімі Серік Шәпкенов әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуы – облысымыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – әр адамға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ұжымға табысты еңбек, ал орталық көмегіне жүгінушілерге мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуді тілеймін, — деді Серік Жамбылұлы.

Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты орталықтың құрылысы 2023 жылы басталған. Бір мезетте 150 адамды қабылдауға қауқарлы мекеме балалар мен ересектерге арналған кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Жаңа орталықтың іске қосылуы өңірдегі әлеуметтік қызмет көлемін айтарлықтай кеңейтпек. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1100 ерекше қажеттілігі бар адам оңалту көмегін алса, енді бұл көрсеткіш 2300 адамға дейін артады.
Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы және аутизм ауытқулары бар 3-18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек және арт-терапияға арналған шеберханалар қарастырылған.

Ересектерге, соның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға да қолайлы жағдай жасалған. Орталықта физиотерапия кабинеттері, заманауи тренажерлермен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, бассейн және су емдеу кешені жұмыс істейді.
«Алмалы» орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, мекеме қызметі алты негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және мәдени оңалту.

– Орталық кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Әрбір қызмет алушы үшін жеке оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Мұнда 189 маман еңбек етеді. Олардың қатарында дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, логопедтер, дефектологтар және басқа да бейінді мамандар бар, — деді ол.

Қазір Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. «Алмалы» оңалту орталығының ашылуын әлеуметтік саладағы маңызды жаңалық әрі ерекше қажеттілігі бар жандарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы деп айтуға болады.

«Қайырымды іс қашанда қайырлы» дегендей, жаңа орталық талай жанның сауығуына, қоғамға бейімделуіне және өмір сапасының артуына қызмет ететініне зор үміт бар.

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT