Жеңіс күніне орай Миялы ауылы сыртындағы бәйге төбеде тай, құнан, топ және аламан бәйгеден жарыс өтті.
Аудан әкімдігі мен облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен өткен бәйгеге Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан келген аузымен құс тістеген жүйріктер қатысты. Бәйгені ашқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев аудан тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтап, жарысқа ат баптап келген шабандоздарға сәттілік тіледі. Бұдан кейін дүбірлі дода басталып кетті. Тартысты өткен додаданың тай бәйгесінен ақтөбелік Бекбол Байжарқыновтың «Еркеназ» атты тайы топ жарса, құнан жарыста маңғыстаулық Ермұхан Байсейітовтың «Жұмабақ» атты құнаны алдына ат салмады. Сол сияқты топ бәйгеде Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданынан келген «Бесқасқа» шаруа қожалығының «Хадиша» есімді тұлпары жеңімпаз болса, аламан бәйгеде аталмыш Тайпақ ауданының (Батыс Қазақстан облысы) намысын қорғаған Нұрәлі Кенжемұратовтың «Көкмоншақ» атты жүйрігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықпен, диплом, медаль, кубоктармен марапатталды.
Дүбірлі дода туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Дулат МӘТЖАН


