Астана қаласында өткен “Қазақстан композиторларының шығармалары” атты балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің білім алушылары арасындағы VI республикалық “Жас жұлдыз” орындаушылар байқауы жас таланттардың өнерін шыңдайтын маңызды алаңға айналды. Бұл байқау – еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас музыканттардың шеберлігін арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған беделді өнер додасы.
Аталған байқауда “Эстрадалық вокал” номинациясы бойынша қатысқан жас өнерпаздар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, өздерінің өнерге деген талпынысы мен дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсетті. Атап айтқанда, кіші топ бойынша Аймерек Мұқтар үздік өнер көрсетіп, І орынды иеленді. Оның сахнадағы сенімділігі мен вокалдық шеберлігі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал үлкен топта өнер көрсеткен Нұрбақыт Наурызбай ІІІ орынға қол жеткізіп, тыңдарманның ықыласына бөленді. Орта топта бақ сынаған Заңғар Ғалымжанұлы мен Фариза Орынбасар да өз өнерлерін лайықты деңгейде көрсетіп, арнайы дипломдармен марапатталды.
Жас дарындардың осындай жетістіктерге жетуіне жетекшісі Ләззат Тастаеваның қосқан үлесі зор. Ұстаздың кәсіби біліктілігі мен шәкірттеріне деген жанашырлығы олардың шығармашылық дамуына серпін беріп отыр. Бұл жеңістер – тек жекелеген қатысушылардың ғана емес, жалпы жас өнерпаздардың өнерге деген қызығушылығы мен еңбегінің нәтижесі.
Осындай байқаулар арқылы ұлттық музыка өнері насихатталып, болашақта үлкен сахналарда өнер көрсететін талантты жастар қалыптасатыны сөзсіз.
Кәмшат ӘБІШ


