Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

ЖАҢА АТА ЗАҢ – ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТАУЫ

Еліміздің Ата заңына енгізілген реформалар – бұл жай ғана құқықтық терминдердің жаңаруы емес, бұл – мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертетін маңызды қадам.

Заңгер ретінде Жаңа Конституцияның өзегінде ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру тұрғанын ерекше атап өтер едім. Бұл бағыттағы ең салмақты әрі практикалық мәні жоғары өзгерістің бірі – Конституциялық Соттың қайта құрылуы (72-бап). Бұрын азаматтардың конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда жоғары конституциялық бақылау органына тікелей шағымдану мүмкіндігі болмаған еді.

Азаматтар тек сот жүйесінің сатыларынан өтумен шектелетін. Ал жаңа норма бойынша, кез келген азамат өз құқықтарына тікелей қатысты заңдардың немесе нормативтік актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеруді талап етіп, Конституциялық Сотқа өзі арыздана алады. Бұл – егер Парламент қабылдаған немесе мемлекеттік орган шығарған белгілі бір заң Ата заңға қайшы келіп, азаматтың құқығын шектесе, оның күшін жоюға мүмкіндік беретін ең жоғары және әділ инстанция. Бұл тетікті толыққанды іске асыруда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (Омбудсмен) конституциялық мәртебесін бекіту (15-1-бап) екінші берік тірекке айналды. Омбудсмен институтының Конституция деңгейінде бекітілуі және оның кез келген мемлекеттік орган мен лауазымды адамдардан тәуелсіз деп танылуы – азаматтарға шенеуніктердің өзбасымдылығы мен заңсыз әрекеттерінен қорғанатын пәрменді "құқықтық қалқан" сыйлайды.

Жалпы алғанда, аталған конституциялық нормалар қағаз жүзіндегі декларация емес, іс жүзінде жұмыс істейтін заңнамалық тетіктер. Заңгерлік тұрғыдан бағаласақ, бұл өзгерістер елімізде заң үстемдігін (Rule of Law) қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға және әрбір азаматтың өзін өз мемлекетінде толыққанды қорғалған сезінуіне берік негіз қалайды.

Нұржан ТІЛЕК,

заңгер

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT