Тазалық – кез келген елді мекеннің көркі ғана емес, тұрғындардың мәдениеті мен ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі. Қоршаған ортаның таза әрі жинақы болуы әр азаматтың күнделікті әдетінен басталады.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауылдық елді мекендерде тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сенбіліктер барысында көшелер, аулалар, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың аумақтары ретке келтіріліп, тұрмыстық қалдықтар жиналады. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – тек аумақты тазарту емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, бұл бағыттағы жұмыстарға мектеп оқушыларының қатысуының тәрбиелік мәні зор. Оқушы тазалық жұмысына атсалысу арқылы туған жерге жанашырлықпен қарауды, қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарауды үйренеді. «Тазалықты біреу жасайды» деген түсініктен арылып, әр адам өзі тұратын ортаның тазалығына үлес қосуы қажет.
Ауылдың ажары – таза көшеден, жинақы ауладан, көгалдандырылған қоғамдық орындардан көрінеді. Сондықтан тазалықты тек науқандық шара ретінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыру – баршамызға ортақ міндет.
Туған жердің тазалығы – өз қолымызда. Әр азамат өз ауласын, көшесін, қоғамдық ортаны таза ұстауға үлес қосса, елді мекеннің де көркі арта түседі.




