Мемлекеттік тіл – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты нышандарының бірі. Ол – халықтың рухани қазынасы, ұлттық болмысының айнасы, елдің тұтастығы мен бірлігін нығайтатын басты құндылық.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуы тиіс. Бұл – заң талабы ғана емес, әрбір азаматтың туған тіліне деген құрметі мен ел алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Президентіміз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны ғылымның, білімнің, бизнестің және цифрлық технологияның тіліне айналдыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өйткені мемлекеттік тілдің өрісі кеңейген сайын елдің де еңсесі биіктей түседі.
– Ауданымыз қазақы дәстүр мен ұлттық құндылықтарды берік ұстанған өңірлердің бірі. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлейді. Бұл – мемлекеттік тілдің табиғи ортасының сақталғанын көрсететін жақсы көрсеткіш. Дегенмен, мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы оның мәртебесі толық қалыптасты дегенді білдірмейді. Қазіргі кезеңде тіл мәдениетін жетілдіру, сауатты жазу мен сөйлеу, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу, жастар арасында қазақ тілінің беделін арттыру сияқты мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға, жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар кітапханаларда әдеби кештер, ақын-жазушылармен кездесулер, тілге арналған танымдық байқаулар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді. Алайда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек мемлекеттік мекемелердің ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір отбасы бала тәрбиесін ана тілінен бастауы қажет. Себебі тілдің тағдыры ең алдымен шаңырақтағы тәрбиеден басталады. Баланың алғашқы сөзі де, алғашқы тәрбиесі де қазақ тілінде болса, оның ұлттық рухы мен елге деген сүйіспеншілігі де нығая түседі - дейді ардагер ұстаз Гүлшара Сары.
Сонымен қатар, қазіргі ақпараттық технологиялар қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік желілер жастардың негізгі ақпарат көзіне айналды.
Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюі – уақыт талабы. Аудандағы жастар да әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге өз үлестерін қоса алады. Қазақ тілінде танымдық бейнероликтер, тарихи деректер, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдар жариялау – тілдің дамуына қосылған нақты үлес болмақ.
Сонымен қатар көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауатты жазылуы да маңызды мәселе. Көшелердегі маңдайшалар, жарнамалар, дүкен атаулары мен түрлі хабарландырулардың мемлекеттік тіл нормасына сай рәсімделуі – тіл мәдениетінің көрсеткіші. Кейде емле қателері немесе орынсыз аудармалар кездесіп жатады. Мұндай кемшіліктердің алдын алу – кәсіпкерлердің де, жауапты мекемелердің де ортақ міндеті. Қызмет көрсету саласында да мемлекеттік тілдің орны ерекше. Дүкендерде, дәріханаларда, банк бөлімшелерінде, қоғамдық тамақтану орындарында тұрғындарға ең алдымен мемлекеттік тілде қызмет көрсету қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Бұл – заң талаптарын орындаумен қатар, халыққа деген құрметтің белгісі.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де айрықша. Аудандық газет пен жергілікті ақпарат құралдары тіл мәдениетін насихаттап, сауатты жазу мен дұрыс сөйлеудің үлгісін көрсету арқылы қоғамның тілдік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Тіл тақырыбындағы мақалалар, сұхбаттар, танымдық материалдар оқырманның мемлекеттік тілге деген құрметін арттыра түседі. Қызылқоға ауданында өткізілетін мәдени-көпшілік шаралар, ұлттық мерекелер, әдеби кештер, мүшәйралар мен шешендік өнер сайыстары жастардың ана тіліне деген қызығушылығын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Осындай игі бастамалардың қатары жыл сайын артып, аудан тұрғындарының белсенділігі де жоғарылай түссе, мемлекеттік тілдің мерейі одан әрі өсері анық.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіретін басты мәселенің бірі – немқұрайлылық. Кейде қазақ тілінде еркін сөйлей тұра өзге тілге басымдық беру немесе мемлекеттік тілдің мүмкіндігін толық пайдаланбау кездеседі. Мұндай көзқарастан арылу – уақыт талабы. Мемлекеттік тілге деген құрмет әр азаматтың күнделікті ісінен, сөйлеген сөзінен, жазған құжатынан, тәрбиелеген ұрпағынан көрінуі тиіс.
Тіл – ұлттың мәңгілік қазынасы. Ана тілін құрметтеген халықтың рухы биік, болашағы баянды болады. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тек заңды орындау ғана емес, ұлттық сананы нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Аудан жұртшылығы қай кезде де елдік пен бірлікті ту еткен, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтай білген өңір.
Ендеше осы игі дәстүрді жалғастырып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болған сайын тәуелсіздігіміздің тұғыры да берік болмақ. Ана тілін ардақтау – ата-баба аманатына адалдықтың белгісі. Ендеше қазақ тілінің мерейін үстем ету – баршамыздың ортақ парызымыз. Мемлекеттік тілдің абыройын арттыру жолындағы әрбір игі іс – болашақ ұрпаққа жасалған өлшеусіз қызмет.
Нұрсәуле Жауынбаева



