Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Құлсарыда жаңак теміржол вокзалы ашылды

Құлсары қаласында жолаушыларға жайлы жағдай жасап, өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін заманауи теміржол вокзалы ашылды. 500 миллион теңгеден астам инвестицияға салынған нысан – жеке бизнестің ел игілігіне бағытталған бастамасының жарқын көрінісі. Жобаны «Исткомтранс» ЖШС өз қаражаты есебінен жүзеге асырып, вокзалды мемлекет меншігіне өтеусіз тапсырды.

Жаңа нысан - жолаушыларға қолайлы орта

1970 жылдан бері қызмет еткен ескі вокзал уақыт талабына сай келмейтін. Аумағы 211,4 шаршы метрді құраған ғимараттың орнына енді көлемі 846 шаршы метр болатын заманауи кешен бой көтерді.

Жаңа вокзалда жолаушылардың жайлы күтуіне барлық жағдай қарастырылған. Мұнда күту залдары, билет кассасы, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, жүк сақтау камерасы және заманауи санитарлық тораптар бар. Перрон жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылған. Көлік қою орындары мен демалыс аймақтары жасақталып, бейнебақылау жүйесі және тегін Wi-Fi орнатылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатынауына қолайлы жағдай жасалған.

Құлсары станциясы - өңірдегі маңызды көлік тораптарының бірі. Бүгінде мұнда тәулігіне 10 жолаушылар пойызы тоқтап, орта есеппен 300-ден астам жолаушыға қызмет көрсетіледі. Сондықтан жаңа вокзалдың ашылуы тұрғындар үшін қатынас қолайлылығын арттырып қана қоймай, қаланың инфрақұрылымдық дамуына да серпін береді.

«Жобаға салынған инвестиция көлемі 500 миллион теңгеден асты. Қауіпсіздік, жайлылық және жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жөніндегі заманауи талаптарға сай келетін көлік нысанын салғанымызды мақтан тұтамыз. Жаңа вокзал өңір үшін маңызды көлік торабы ғана емес, тұрақты дамудың да жарқын үлгісі болады», - деді «Исткомтранс» ЖШС бас директоры Алмас Абайдельдинов.

Әріптестік пен жауапкершілік - ортақ игілік жолында

Жаңа вокзалдың салынуы - жеке кәсіпкерліктің өңірдің дамуына қосқан нақты үлесі. «Исткомтранс» ЖШС «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының мердігері ретінде өндірістік қызметімен қатар, жергілікті тұрғындардың игілігіне бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға да үлес қосып келеді.

Теңіз кен орны орналасқан Жылыой ауданы ТШО үшін айрықша маңызға ие. Бұл өңірде компания қызметкерлері мен олардың отбасылары тұрады. Сондықтан жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға қолдау көрсету – әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бөлігі.

«ТШО үшін Жылыой ауданының дамуы ерекше маңызға ие. Біз өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Бизнес-серіктестеріміздің осындай әлеуметтік жобаларға үлес қосуы қуантады. Бірлескен күш-жігер арқылы өңірдің дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарға нақты пайда әкеле аламыз», – деді ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Нұраде Умирбаев. 

Құлсарыдағы жаңа вокзал - ел игілігіне бағытталған бастама мен жауапты әріптестіктің нәтижесі. Тұрғындар үшін жайлы сапарға жол ашатын бұл нысан өңірдің тыныс-тіршілігіне серпін беріп, алдағы уақытта да халыққа қызмет етпек.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT