Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Сайлаушының дауысына ешкімнің ықпалы жүрмеуі тиіс

Сайлаудың мәні тек дауыс берумен шектелмейді. Оның негізінде әр адамның өз таңдауын еркін әрі саналы түрде жасау құқығы жатыр. Әр сайлаушы дауыс беруге қатысу-қатыспауын және қай саяси партияны қолдайтынын өзі шешеді.

Бұл таңдауға қысым көрсетуге, мәжбүрлеуге немесе заңсыз ықпал етуге жол берілмеуі тиіс. Өйткені сайлаушының еркіне сырттан әсер ету сайлау процесінің негізгі қағидаларына қайшы келеді.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева сайлау процесінің осы талабына түсіндірді.

–Дауыс беру процесін ашық және әділ өткізу – бұл әрине, сайлау комиссияларының ең басты міндеттерінің бірі. Дауыс беру процесін ашық және әділ өткізу үшін сайлау туралы заңнамасымен дауыс беру процесіне байқау жүргізу көзделген, — дейді Әсия Баянқызы.

Осы тұста дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету тетіктерінің бірі – байқау институты екені белгілі. Сайлау туралы заңнамада дауыс беру процесіне байқау жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Байқаушылар дауыс беру басталғаннан бастап сайлау учаскесіндегі процесті бақылай алады.

–Байқаушылар сол сәттен бастап дауыс беру аяқталып, дауыстарды санау, қорытынды хаттаманы толтырып, көшірмесін алғанға дейін сайлау процесіне, сайлау комиссиясының жұмысына байқау жүргізе алады, — деп түсіндіреді комиссия төрағасы.

Дауыс беру құқығы – әр тұрғынның мемлекеттік істерді басқаруға қатысуының маңызды әрекетінің бірі. Өз дауысы арқылы тұлға өкілді органның қалыптасуына ықпал етеді және елдің саяси өміріне қатысатындығын білдіреді.

Еркін таңдау ұғымы дауыс беру құпиясымен де тығыз байланысты. Сайлаушы бюллетеньді жасырын толтырады және өзінің кімге дауыс бергенін жария етуге міндетті емес. Мұндай тәртіп әр адамның шешімін сыртқы ықпалдан қорғауға бағытталған.

Сондықтан сайлаушының толық әрі сенімді ақпарат алуы да маңызды. Саяси партиялардың бағдарламаларымен танысу, олардың ұстанымдарын салыстыру тұлғаға өз көзқарасына сәйкес шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте саяси бәсекелестік белгіленген заң талаптары шеңберінде өтуі қажет. Сайлау процесіне қатысушылардың теңдігі, сайлаушыларға құрметпен қарау және белгіленген тәртіпті сақтау – әділ сайлаудың маңызды шарттары.

Сайлаушының саналы таңдауы үшін ақпараттың шынайылығы да ерекше мәнге ие. Жалған ақпаратқа, заңсыз үгітке немесе тұрғындардың еркін таңдауына кедергі келтіретін әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.

Құрылтай депутаттарын сайлау жағдайында бұл қағидалардың маңызы арта түседі. Өйткені жаңа өкілді органның құрамы тұрғындардың еркін таңдауы негізінде қалыптасады.

Сайлау әр адамға өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретін конституциялық құқық. Ал еркін таңдау мен ашық дауыс беру процесі – сол құқықтың толық әрі әділ жүзеге асуының басты шартының бірі.

Майра ЕРҒАЛИ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT