Бүгін елімізде жаңа Конституция қабылдауға байланысты референдум өтті. Оған аудан бойынша 17 учаскелік референдум комиссиясы құрылып, таңертеңгі сағат 7:00-ден бастап, кешкі сағат 20:00-де аяқталды.
Аудан бойынша референдумға қатысып, дауыс беретін адамда саны – 17 908. Ел бірлігі мен ынтымақтастығы, өз ұрпақтарының жарқын болашағы үшін аудан халқы референдумға дауыс беруде белсенділік танытты. Барлық референдум учаскесінде Мемлекеттік Әнұран ойналған соң дауыс беру басталды. Бұл күні Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебіндегі №160 референдум учаскесінде референдумға келген ауыл тұрғындарына комиссия мүшелері шұбат пен бауырсақ ұсынды. Ұлттық тағамнан дәм татқан тұрғындар алғыстарын айтса, ақсақалдар бата берді.
– Ел болашағы, халық игілігі үшін өтіп жатқан саяси науқанда дауыс беруге келген тұрғындарға ұлттық тағамдарды ұсынған комиссия мүшелері халықтың батасын алып жатыр. «Батамен ел көгереді» демекші еліміз көркейе берсін! Әрқашан бейбітшілік болсын! - дейді зейнеткер Орынғали Салықов.
№143 учаскелік референдум комиссиясының мүшелері түстен кейін аудандық орталық ауруханаға барып, онда денсаулығына байланысты емделіп жатқан 21 адамның дауыс беруіне жағдай жасады. Сондай-ақ денсаулығына және қарттығына байланысты өтініш берген жеті тұрғынның үйіне дауыс беру жәшігін алып барды. Солардың қатарында биыл 101 жасқа келген ауданның ең қарт тұрғыны – Ұлжан Темірболатова да бар. Бұған дейін өткен сайлаудан, референдумнан қалыс қалмай дауыс беріп келе жатқандығын тілге тиек еткен қарт әже бұл жолы да ел болашағы үшін дауыс бергендігін атап өтіп, аудан халқына ақ батасын берді. «Жангелдин» мәдениет үйінде орналасқан №146 учаскелік референдум комиссиясына 18 жастағы Перизат Төлеген алғаш рет дауыс беріп, өз азаматтық таңдауын жасады. Бұл сәт жас сайлаушы үшін маңызды кезеңдердің бірі болды. Өйткені ол ел өміріндегі маңызды кезеңге алғаш рет қатысып отыр.
Алғаш рет дауыс беру – әр жас азамат үшін жауапкершілігі мол қадам. Жас сайлаушылардың қатысуы азаматтық белсенділіктің жаңа буын арасында да қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты ауданға қарасты Ойыл ауылдық округінің тұрғындары да ерекше белсенділік танытып отыр. Ауыл тұрғындары референдумды ел дамуының маңызды кезеңі ретінде қабылдап, ортақ болашақ үшін өз таңдауларын жасауда. Атап айтқанда, Жасқайрат ауылының тұрғыны Құлбаевтар әулеті аталған округтегі сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, бала-келіндерімен бірге арнайы барып, дауыс берді. Әулет үлкендері елдің бірлігі мен тұрақтылығы ең алдымен халықтың ынтымағы мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Сондықтан олар референдумға қатысуды әрбір азаматтың парызы деп санайды. Ұлттық дәстүр мен отбасы бірлігін көрсеткен Құлбаевтар әулетінің бұл қадамы ауыл тұрғындарына да ерекше әсер қалдырды. Референдум күні шағын елді мекен тұрғындары да белсенділік танытуда. Жантерек елді мекеніндегі №163 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Гүлжаухан Сұлтанованың айтуынша, учаскеде барлығы 173 сайлау тіркелген. Түске дейін солардың 111-і келіп, өз таңдауын жасаған. Солардың ішінде жергілікті теміржолшылар, еңбек ардагерлері мен қарапайым тұрғындар бар. Осы ретте «Алтын алқа» иесі Гүлмира Сариева мен жолдасы, теміржолшы Ерболат Құлбатыров:
- Бүгінгі өтіп жатқан референдум еліміз үшін аса маңызды науқан. Соған сай ел болашағы үшін отбасымызбен келіп өз даусымызды бердік, - дейді. Елімізде өтіп жатқан референдум аясында Миялы ауылындағы «Жастар» саябағында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Амал – татулық пен жаңарудың бастауы» атты мерекелік шара өтті. Онда қос киіз үй тігіліп, мерекеге жиналған халық наурыз көже, жаңа піске ыстық бауырсақтан дәм татты. Миялы ауылдық округінің әкімі Амангелді Бағдаровтың құттықтауынан соң жарапазан айтылып, жұртшылыққа ата мен әженің, жиен мен нағашының көрісуі, шашбау тағу дәстүрі көрсетілген «Көрісу. Көне дәстүр. Мәңгілік мұра» атты қойылым ұсынылды. Бұдан әрі мерекелік шара «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сондай-ақ Бүгін Миялы ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда табиғи әрі сапалы жылқы, сиыр еттері мен сүт өнімдері тұрғындарға тікелей, қолжетімді бағамен ұсынылды. Жәрмеңке барысында, ауыл тұрғындары қажетті азық-түліктерін тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
- Референдум күні ауданымызда Инфатакси қызметі мүмкіндігі шектеулі жандарды өз учаскелеріне тасымалдау қызметін көрсетті. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар өз таңдауларын жасады. Сөйтіп, ауданда тұрғындардың таңдау жасауы белсенділікпен өтті.


