Жамбыл ауылдық округіне қарасты 151 сайлау учаскесі жұмысын таңғы сағат 7:00-ден бастады. Сайлау науқанында әдеттегідей Қазакстан Республикасының Әнұраны ойналып, жәшіктер пломбаланып, ұйымдастыру шараларымен басталды.
Аталған сайлау учаскесінде 911 сайлаушы бар. Олардың түске дейін 27 пайызы дауыс беріп үлгерген. - Ауыл әкімінің сайлауы біз үшін маңызды. Ауыл тұрғындары бұл науқаннан қалыс қалмауы керек. Елдің болашағы, дамуы барлығы осы кезеңнен басталады. Бүгінгі сайлауға алғашқылардың бірі болып өз дауысымды беруге келдім, - дейді Жамбыл ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Иғали Ізтұрғанов. Сайлау учаскесінде барлығы қалыпты, ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасап дауыс беруде. Аталған учаскелік сайлау комиссиялары кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасайды.
Гүлмира Мақсот




