Атырау қаласындағы №275 референдум учаскесіне қала тұрғындары Алтын Орда дәуіріндегі батырлардың киімін киіп келіп, дауыс берді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Ұлттық нақыштағы сауыт-сайман киген азаматтар референдумға қатысып, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымдарын білдірді. Батыр бейнесіндегі тұрғындар бұл әрекеттері арқылы жастарға тарихты құрметтеп, ел болашағына жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізгісі келгенін айтты. Қазақ даласында бұрын ел өмірі «Жеті Жарғы» қағидаларымен реттелсе, бүгінгі ұрпақ мемлекет болашағына қатысты маңызды шешімдерді референдум арқылы қабылдауға үлес қосып отыр. Осылайша тұрғындар тарихи сабақтастықты көрсетіп, ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, азаматтық белсенділіктің үлгісін танытты. Учаскеге келген тұрғындар батыр бейнесіндегі азаматтармен суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен дауыс берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар референдумға деген қызығушылықты арттырып, қоғамдағы бірлік пен патриоттық рухты күшейтуге ықпал етеді. Айта кетейік, бүгін еліміз бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Тұрғындар өз учаскелеріне келіп, ел болашағына қатысты маңызды таңдау жасауда.


