Бүгін елде жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша референдум басталды. Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Ақжар ауылындағы Мәдениет үйінде орналасқан №56 референдум учаскесінде жұмыс белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылған. Учаскедегі 7 адамнан тұратын комиссия заң талаптарына сәйкес таңғы сағат 6:00-де өз жұмыстарына кірісті.

Сағат 7:00-де учаске ресми түрде ашылып, дауыс беру процесі басталды. Мемлекеттік гимн шырқалған соң ауыл тұрғындары өз таңдауын жасау үшін біртіндеп референдум учаскесіне келе бастады.

Учаскеде барлығы 2646 азамат тіркелген. Учаске төрағасы Күмісай Бекежанованың айтуынша, референдум өткізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Учаскенің материалдық-техникалық базасы толық қамтылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне де ерекше жағдай жасалған. Олар үшін компьютер, құлаққап және өзге де арнайы қажетті құралдар қарастырылған.
– Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға үйден дауыс беруге мүмкіндік бар. Ол үшін сағат 12:00-ге дейін өтініштер қабылданады. Бүгін сағат 7:00-де басталған дауыс беру процесі кешкі сағат 20:00-де аяқталады, — деді Күмісай Қадырханқызы.
Таңсәріден-ақ учаскеге келіп, өз таңдауын жасаған Ақжар ауылының тұрғыны Бақтыбек Төлегенов алғашқылардың қатарында дауыс беруге келді. Ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын бұл күні ауыл тұрғыны әркімнің дауысы маңызды екенін айтты.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор


