Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Еңбекке құштар жас өрендер

Қазір жасөспірімдердің бір бөлігі жазғы демалысын тынығумен өткізсе, енді бірі бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке араласып жүр. Мұндай еңбек олардың жауапкершілігін арттырып, уақыттың қадірін түсінуге, дербестікке баулиды.

 Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартын 16 жастан бастап жасауға болады. Ал белгілі бір талаптар сақталған жағдайда 15 жастағы оқушылар мен 14 жастан бастап оқу уақытынан тыс жеңіл жұмыстарды атқаратын жасөспірімдердің еңбек етуіне рұқсат етіледі.

Сонымен қатар заңда олардың жұмыс уақыты, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігіне қатысты арнайы талаптар белгіленген. Бүгінде осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, еңбекке ерте араласып жүрген жастар аз емес. Бірі қызмет көрсету саласында еңбек етсе, енді бірі өз білімін өзгелермен бөлісіп, балаларға тәлім беріп жүр. Оларды біріктіретін ортақ қасиет – адал еңбекке деген құрмет, жауапкершілік және алға қойған мақсатқа ұмтылыс.

 АРМАНҒА БАСТАР АДАЛ ЕҢБЕК

 Сондай еңбекқор жастардың қатарында 16 жастағы Инабат Сейсенбек те бар. Алматы қаласында дүниеге келген ол екі жасынан бері Атырау облысында тұрады.

Бүгінде жазғы демалыс кезінде фастфуд желісінде кассир болып жұмыс істейді. Инабат 14 жасынан бастап алғаш рет бала күтуші болып жұмыс істепті. Оның айтуынша, жұмыс істеуге ең алдымен өз қажеттіліктерін өзі қамтамасыз ету, анасына қолдау көрсету және бос уақытын тиімді өткізу ниеті себеп болған. Кейін жақын құрбысының ұсынысымен фастфуд желісіне жұмысқа орналасқан.

– Мен үшін еңбек ету – ақша табумен қатар, ең алдымен өз уақытыңды тиімді пайдалану, өз күшіңе сенуді үйрену. Алғаш жұмысқа кіріскенде кассада қателескен кездерім, тапсырысты шатастырған сәттерім болды. Бірақ ұжымдағы аға-апалар қолдау көрсетіп, барлығын үйретті. Соның арқасында жұмысқа төселіп, өзіме деген сенімім артты. Ең бастысы – ешқандай еңбек оңай келмейтінін түсіндім, — дейді ол.

 Кассирдің жұмыс күні таңғы дайындықтан басталады. Жұмыс орнына ертерек келіп, ішкі тазалықты реттеп, сусындарды толтырып, қажетті құжаттарды әзірлейді. Касса жұмысын қабылдап, клиенттерге қызмет көрсетуге дайындалады. Күні бойы тапсырыстар қабылдап, тазалыққа жауап береді.

Алғашында бұл жұмысты жеңіл көргенімен, уақыт өте келе оның үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты талап ететінін түсінген. Инабат жазғы демалыс кезінде ғана жұмыс істейді. Ал оқу жылы басталған соң бар уақытын сабағына және қоғамдық жұмыстарға арнайды. Белсенді ерікті ретінде түрлі іс-шараларға қатысады. Оның айтуынша, анасы қызының еңбек етуіне ешқашан қарсы болмаған.

Керісінше, әрдайым қолдау білдіріп, ең бастысы – оқуын тастамай, денсаулығына мұқият қарауын үнемі ескертіп отырады. Жұмыс барысында түрлі қиындықтар да кездескен. Алғашқы кезде ауысым соңындағы есепте кемшілік шығару сияқты жағдайлар болған. Дегенмен әріптестерінің көмегімен тәжірибе жинақтап, мұндай қателіктерді қайталамауға тырысқан. Клиенттермен күнделікті жұмыс істеу оның мінезіне де оң әсерін тигізген. Әртүрлі адамдармен тіл табысуды, сабыр сақтауды, кез келген жағдайға байыппен қарауды үйренген. Сонымен қатар уақытты бағалау, кешікпеу, тәртіпке бағыну сияқты қасиеттерді бойына сіңірген.

– Бұрын ата-анам берген ақшаның қадірін онша түсіне бермейтінмін. Өзім еңбек етіп табыс тапқаннан кейін ақшаның оңай келмейтінін ұқтым. Сондықтан оны орынсыз жұмсамауға тырысамын. Алғашқы бір апталық еңбекақым – 40 мың теңге болды. Сол ақшаға өзіме күтім құралдарын сатып алып, анама да аздап көмектестім. Қатарластарыма айтарым – еңбектен ешқашан қашпаңдар. Адал еңбекпен тапқан табыс – ең қадірлі табыс. Ерте бастан жұмыс істеу адамды шыңдайды, жауапкершілікке үйретеді және болашақ өмірге үлкен тәжірибе береді, — дейді жас еңбеккер.

 Бүгінде Инабаттың алға қойған мақсаты айқын. Ол келесі жылы ҰБТ-ны жоғары нәтижемен тапсырып, шетелде грантпен білім алуды армандайды. Болашақта елге оралып, тұрақты жұмыс істеп, кәсіби мансабын қалыптастырып, анасының жағдайын жақсартуды көздейді. Оның сенімінше, адал еңбек пен үздіксіз ізденіс кез келген жасты үлкен жетістікке бастайды.

 16 ЖАСТАҒЫ ҰСТАЗ APEC

 PetroTechnic колледжінде білім алатын 16 жастағы Мадина Сембаева да мектеп қабырғасында жүріп-ақ балаларға ментальді арифметикадан сабақ беріп, оларды олимпиадаларға дайындайды. Жас болса да, шәкірт тәрбиелеудің үлкен жауапкершілігін сезініп, өз білімін үздіксіз жетілдіруге ұмтылады.

 Мадина ментальді арифметикамен 2018 жылы Атырау қаласында айналыса бастаған. Төрт жылдық дайындықтан кейін, 2022 жылы оқуын сәтті аяқтап, диплом мен осы бағытта сабақ беруге құқық алады. Осы уақыт аралығында республикалық және халықаралық олимпиадаларда бақ сынап, Азия чемпионы атанған. Қазір Доссор кентінде тұратын ол сүйікті ісінен қол үзбей, кәсіби тұрғыдан дамуын жалғастырып келеді. Ал 2026 жылдан бастап балаларды оқытып, түрлі олимпиадаларға дайындай бастады.

Жас ұстаз сабақ беру арқылы баланың қабілетін ашып, өзіне деген сенімін қалыптастыруға жұмыстанып келеді. Сондықтан әр шәкіртке жеке тәсіл табуға ерекше мән береді.

 – Сабақ бере бастағаннан бері өзімнің де көп өзгергенімді байқадым. Баламен жұмыс істегенде оның материалды қалай меңгеретіні ғана емес, оқуға деген қызығушылығы да ұстазға байланысты екенін түсінесің. Сондықтан әр оқушының мінезін, қабілетін, әлсіз және мықты тұстарын байқап, соған сай әдіс таңдауға тырысамын. Бұл жұмыс мені жауапкершілікке, шыдамдылыққа, тәртіпке үйретті. Ең бастысы, өзің үнемі ізденбесең, өзгеге сапалы білім бере алмайтыныңды түсіндім, — дейді Мадина.

Оның айтуынша, ұстаздық жолдағы ең үлкен қиындық – әр баланың қабылдау ерекшелігіне бейімделу. Бір оқушыға оңай көрінген тапсырма екіншісіне күрделі болуы мүмкін. Сондықтан балаларды бір-бірімен салыстырмай, әрқайсысының мүмкіндігін ескеріп жұмыс істеу маңызды. Ал ең үлкен қуаныш – шәкірттердің жетістігі. Кезінде өзіне сенімсіз болған баланың уақыт өте келе тапсырмаларды еркін орындап, олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсетуі жас ұстаздың еңбегінің жемісі екенін аңғартады. Оның пікірінше, жақсы мұғалім ең алдымен шыдамды, мұқият әрі балаға шын жанашыр болуы тиіс. Себебі ұстаздың міндеті білім берумен ғана шектелмей, баланы жігерлендіріп, өз күшіне сенуге үйрету. Мадина жасөспірімдердің еңбекпен ерте танысуының маңызы зор деп есептейді.

Оның ойынша, бұл жауапкершілік пен дербестікті қалыптастырып, уақыттың қадірін түсінуге көмектеседі. Белгілі бір іспен айналысқан жас тәжірибе жинақтап, алдына мақсат қоюды және бастаған ісін соңына дейін жеткізуді үйренеді. Дегенмен ол жасөспірім үшін оқу, еңбек, демалыс және жақындарымен қарым-қатынас арасында тепе-теңдік сақталуы қажет екенін айтады. Өзі де осы қағиданы ұстануға тырысады. Бір мезгілде оқу, сабақ беру және бірнеше бағытта даму оңай емес екенін жасырмайды.

 Сондықтан уақытты дұрыс жоспарлап, басымдықтарды айқындауға мән береді. Ол үшін білім алу – басты міндеттердің бірі. Ал ментальді арифметикадан сабақ беру – тәжірибе жинақтап, балалармен өз білімін бөлісудің мүмкіндігі.

Сонымен қатар демалысқа да уақыт бөлуді ұмытпайды. Оның пікірінше, үздіксіз жұмыс адамның өнімділігін арттырмайды, кейде жақындарымен немесе достарымен бірге уақыт өткізу жаңа күш-қуат береді. Ең маңыздысы – бос уақыттың көптігі емес, оны тиімді пайдалану. Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ белсенділігімен көзге түскен. Мектеп президенті болып сайланып, түрлі қоғамдық бастамалардың ұйымдастырылуына атсалысқан. 2024 жылдың желтоқсан айында мектептің белсенді оқушылары туралы түсірілген қысқаметражды фильмге түскен. Бұл тәжірибе оның ұйымдастырушылық қабілетін шыңдап, көпшілікпен еркін жұмыс істеуіне жол ашқан.

– Еңбегімнің нәтижесін алғаш рет өзім үйренген білімнің енді басқа балалардың жетістігіне жол ашып жатқанын көргенде сезіндім. Әсіресе ментальді арифметикамен алғаш танысып, кейін олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсеткен оқушыларымды көргенде ерекше қуанамын. Бұл маған үлкен мотивация береді әрі жауапкершілікті де арттырады. Әр бала маған өзінің дамуының бір бөлігін сеніп тапсырады. Сондықтан мен олар үшін қолдау көрсететін, сенім ұялататын жан болуға тырысамын, — дейді жас ұстаз.

Бүгінде Мадина өзінің жүріп өткен жолын қатарластарына үлгі ретінде көрсетеді. Оның пікірінше, жетістікке бір күнде жету мүмкін емес. Оның артында ұзақ жылғы еңбек, үздіксіз тәжірибе мен тұрақты ізденіс жатады. Сондықтан жастар ең алдымен өзіне ұнайтын істі тауып, кішкентай қадамнан бастаудан қорықпауы керек. Бүгінгі қызығушылық ертең өмірлік мамандыққа айналуы әбден мүмкін.

 Ең бастысы – өзіңе сену, алғашқы қиындықтар мен сәтсіздіктерге мойымау және үнемі алға ұмтылу. Осындай еңбекқорлық пен табандылық қана адамды кәсіби биікке жетелейді. Алмас Еңбекке

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT