«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері қоршаған ортаның тазалығы жолында аудан тұрғындары жұдырықтай жұмылып іске кірісті. Өңірде биыл да көктем мезгілі басталғалы тазалық жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ. Апта сайын ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерге мекеме қызметкерлерімен бірге ауыл жастары, еріктілер де қатысып ауыл тазалығы мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді атсалысып, үлкен үлес қосуда.
Олар тек сенбіліктерге қатысып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі тың бастамаларды жүзеге асыруда. Мәселен биыл аудандық жастар ресурстық орталығы ауыл іші мен Ойыл өзені жағалауы бойына екі рет тазалық акциясын ұйымдастырды. Оған қатысқан 100-ге жуық ауыл жастары төрт техниканың көмегімен төрт тоннаға жуық қоқысты арнайы орынға төкті. Жастардың мұндай игі істерге белсенді араласуы – ел болашағы үшін маңызды көрсеткіш. Қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатқа жанашырлықпен қарау, елді мекенді абаттандыру – бүгінгі ұрпақтың бойына ерте жастан сіңуі тиіс құндылықтар.
Мұндай сенбіліктер мен экологиялық шаралар – тек тазалық емес, рухани тәрбие құралы. Сонымен бірге өткен жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына тартылған 160 жас (Миялы а/о – 50 жас, Сағыз а/о – 20 жас, қалған ауылдық округтерде 10 жастан) көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарына атсалысып, ауданның көркеюіне өз үлестерін қосты. Бұл бағытта биыл маусым айынан бастап 200 жас «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына тартылады. Табиғатты таза сақтау – әр адамның азаматтық борышы. Бұл ретте алға қарай да аудан жастар өз үлестерін қосып, еліміздің көркейіп, гүлденуі жолында еңбек ете беретін болады.
Әсел МҰРАТОВА,
аудандық жастар ресурстық орталығының маманы


