Заң мен тәртіп – қоғамның тұрақтылығы мен елдің қауіпсіз дамуын қамтамасыз ететін басты құндылықтар. Заң үстемдік құрған мемлекетте әр азаматтың құқығы қорғалып, міндеті айқындалады. Сондықтан заң талаптарын сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Конституциясында заң мен тәртіптің негізін құрайтын маңызды қағидаттар бекітілген. Атап айтқанда, Конституцияның 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені көрсетілген. Бұл – азаматтардың әлеуметтік жағдайына, лауазымына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, заң талаптарын бірдей сақтау қажеттігін білдіретін маңызды қағида.
Менің ойымша, заңға құрмет отбасындағы тәрбие мен білім беру ұйымдарындағы түсіндіру жұмыстарынан басталады. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, интернеттегі алаяқтықтың алдын алу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау және өзгенің құқығын құрметтеу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуі қажет.
Заңды білу – міндет, ал оны сақтау – азаматтық жауапкершілік. Әр адам өз әрекетіне жауап беріп, қоғам алдындағы міндетін сезінгенде ғана қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптасады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде ұстану – баршамызға ортақ міндет.
Нұрсәуле Жауынбаева




