Заң үстем болмаған елде әділдік орнамайды. Шын мәнінде заң мен тәртіпті қоғамды біріктіріп ұстап тұр¬ған күш ретінде түсіндіруге болады. Азаматтары заңға сенуден қалып, ережелері орындалмай жатқан елдің құрдымға кетуі оңай.
Ондай елді кірпіші біртіндеп мүжіле бастаған үйге ұқсату керек. Бұл – қоғамға да қатысты теңеу. Біздің әрқайсысымыз «ештеңе етпейді» деген оймен заң бұза берсек, әділдіктің өзегін шірітеміз. Сондай-ақ заңды берік ұстану ұлттық қауіпсіздікке тікелей ықпал етеді. Егер балаларыңыз құқығы қорғалатын дамыған мемлекетте өмір сүргенін қаласаңыз, заңды сақтауды, тәртіпке бағынуды өзіңізден бастаңыз. Бұған дейін тарихи талай қиын кезеңнен өткен Қазақстанның келешегі қандай болатыны бүгінгі бізге тікелей байла¬нысты. Еліміздің құқыққорғаушылары күнделікті заң ережелерінің бұзылуынан туындаған салдарға куә болуда. Тіпті, ережелерді бұзудан, немқұрайдылықтан немесе парақорлықтан көптеген адамның өмірі құрдымға кетіп жатқанын көруде. Сол үшін әрбір азаматтың жасаған дұрыс қадамы тағдырларды түзеуге сеп¬тігін тигізеді. Ол үшін әркім өзінің құқықтары мен міндеттерін айшықтаған Консти¬ту¬цияны оқып, заңды жетік меңгеруге тиіс.
Сол арқылы өзгелерге үлгі болып, ешкім жоқ жердің өзінде заңды берік ұстанады. Қоғамдағы заңбұзушы¬лықтарды жасырмай айтып, ашықтықты, жариялылықты талап ететін жан ғана өз елінің нағыз патриоты. Қоғамда өзгелердің лауазымына, діни не жаратылыс туралы ұстанымына қара¬мастан құрмет білдіру – заң мен тәртіптің берік орнағанының белгісі. Оны қалыптастыруға әркімнің қосар үлесі бар. Керек десеңіз, күнделікті тәртіпті ұстанудың өзі заңның берік орнауына ықпал етеді. Оның тұғырын бекіту арқылы әрбір адамның бақытты өмір сүруіне қолайлы қоғам қалып¬тас¬тырамыз.
Ардақ САҒИЕВ,
Ішкі істер саласының ардагері




