Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты – бүгінгі қоғамымыздың басты бағдары. Алайда, тәртіп орнатуды тек полицияның немесе құқық қорғау органдарының ғана міндеті деп қарау үлкен қателік.
Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік әрбір азаматтың заңға деген құрметінен және жауапкершілігінен басталады. Тәртіп бар жерде ғана береке, ал заң үстемдік құрған жерде ғана даму болады. Нағыз құқықтық қоғам құру үшін біз «маған қатысы жоқ» деген немқұрайлылықтан арылып, полицияға шынайы көмекші бола білуіміз керек. Заң бұзушылықты көргенде көз жұма салмай, оған бірлесе тосқауыл қою – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Қоғамдағы ққоқыс тастау, қоғамдық орындарда дөрекілік көрсету, жол ережесін елемеу сынды кішігірім заң бұзушылықтарға көз жұма қарамай, сол бойда ескертіп, дұрыс еместігін түсіндіріп отырсақ ғана қауіпсіз қоғам құра аламыз. Бұл істе халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі мен ақсақалдар институтының рөлі ерекше.
Біз әрқашан үлкеннің сөзіне тоқтаған, қариясын сыйлаған елміз. Ауыл-аймақтағы ақсақалдарымыз тек төрде отыратын сыйлы қонақ қана емес, елдің ұйытқысы, тәрбиешісі болуы тиіс. Олар жастардың жүріс-тұрысына, тәртібіне бақылау жасап, жөнсіз кеткенді жөнге салып, бұрыс басқанды тәртіпке шақырып отырса, ұрпақ тәрбиесі де, қоғам қауіпсіздігі де нығая түсері анық.
Сағидолла ЯҚЫП,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы


