Туған жердің табиғатын қорғау, ауыл-аймақты таза әрі көрікті ұстау, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру – баршаға ортақ міндет. Осы мақсатта елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы маңызды бастамаға айналды.
Акцияның негізгі мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, туған жерге деген жауапкершілік пен жанашырлықты арттыру. Өйткені тазалықты сақтау бір күндік сенбілікпен шектелмейді. Ол – күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан көлемінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Миялы, Сағыз, Жангелдин, Ойыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тасшағыл, Тайсойған, Мұқыр, Көздіғара ауылдық округтерінде санитарлық тазалық, абаттандыру, сенбілік және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылуда.




