Киберқауіпсіздік – бүгінгі заманның өзекті мәселесінің бірі. Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтардың да әдістері түрленіп шыға келеді. Ал, оның зардабын қарапайым халық тартып жатқаны мәлім.
Бірі банк картасындағы ақшасынан айырылса, енді бірі әлеуметтік желідегі парақшасын жоғалтады. Кейбірі жеке мәліметтері таралып кетіп, опық жейді. Мұның басты себебі – адамдардың цифрлық қауіпсіздікке бейжай қарауы. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше былтыр елімізде интернет-алаяқтық бойынша шамамен 16,5 мыңнан астам факт анықталса, биылғы 6 айда республика бойынша 10 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. ІТ маманы Тимур Бектұрдың айтуынша алаяқтардың ең көп қолданатын әдістерінің бірі – фишинг. Олар банктердің, пошта қызметінің немесе мемлекеттік мекемелердің атынан жалған хабарламалар жібереді. Телеграм, «WhatsApp» секілді мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер таратады. Бұл сілтемелерді басқан кезде пайдаланушы жалған сайтқа өтеді, онда оның жеке мәліметтері енгізіледі. Алаяқтар осы деректер арқылы банк картасын бұзып, шоттағы қаражатты иемденеді. Екінші кең таралған әдіс – телефон арқылы алдау.
Мұнда алаяқтар банк қызметкері, полиция немесе салық органдарының өкілі ретінде қоңырау шалып, шотыңыздан күмәнді операция анықталғандығын хабарлайды. Олар үрей туғызып, дереу әрекет ету керектігін айтады, нәтижесінде, адам банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген кодты өзі беріп қояды. Әлеуметтік желілердегі алаяқтық та көп кездеседі. Хакерлер қолданушылардың парақшаларын бұзып, олардың атынан достары мен туыстарынан ақша сұрайды. «Маған шұғыл ақша керек, кейін қайтарып беремін» деген хабарламалар – классикалық схема. Жәбірленуші жақынының өтініші деп сеніп, қаражат жіберген соң, байланыс үзіледі. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін кез келген қаржылық аударым жасардың алдында телефон арқылы хабарласып мән-жайды анықтап алу қажет.




