Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың жетекші «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбаты екі ел арасындағы достық пен серіктестіктің жаңа сатыға көтерілгенін көрсетті. Бұл кездесу мен айтылған ойлар тек үлкен саясат қана емес, біздің аудан сияқты шағын өңірлердің де дамуына тікелей әсер етеді.
Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас «мәңгілік серіктестік» деңгейіне жетті. Сауда, экономика және көлік дәліздерінің дамуы еліміздің әрбір аймағына жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға жол ашады. Әсіресе, мәдениет және білім беру саласындағы байланыстар қуантады. Биылғы «Мәдениет жылы» аясында екі ел халқы бір-бірін жақыннан тани түсті. Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары мен «Лу Бань шеберханаларының» ашылуы – біздің ауданның да дарынды жастары үшін әлемдік деңгейдегі білім мен заманауи технологияларды игеруге үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ, өзара визасыз режимнің арқасында туризм саласы серпін алды.
Қытайлық туристердің ағыны еліміздің, соның ішінде өңірлердің де ішкі бизнесі мен қызмет көрсету саласын жандандыра түсетіні сөзсіз.Мемлекет басшысының бұл сұхбаты – еліміздің сыртқы саясаттағы беделін бекітіп, ішкі тұрақтылық пен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Сыртқы байланыстардың нығаюы ел әл-ауқатының артуына негіз болады деп сенеміз.
Толқын БЕЙСҚАЛИ,
аудандық мәслихат хатшысы




