Мемлекеттегі заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылық кепілі. Үкімет тарапынан қабылданған Заңдар жауапкершілік ережелерін белгілейді, азаматтардың құқықтарын қорғайды, әділеттілікті қамтамасыз етеді әрі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Заңды сақтау қоғамның дамуы, қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатының негізін құрайды. Елімізде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін заңды сақтау қажет.
Демократиялық қоғамда халық атынан сайланған өкілдер заң қабылдайды және азаматтардың мүдделерін қорғайды. Заңдар халықтың ерік-жігерін көрсетеді және оны орындау әркімнің басты міндеті болып табылады. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы заңдарды сақтау үшін өз жауапкершілігін сезінуі тиіс және заңдылық пен тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуы маңызды. Әрбір азамат өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген заңдарға мойынсұнғанда ғана қоғамда тәртіп пен әділеттік қалыптасады. Ал қоғамда тәртіп пен әділеттікті қалыптастыру үшін не істеу керек? Алдымен, әрбір адам заңды білуге міндетті, себебі заңды білмегендік жауапкершіліктен босатпайды. Демек, қоғам мүшелері өз құқықтарымен қоса, жауапкершіліктерін де білуі тиіс. Бұл мектеп қабырғасынан бастау алып, отбасы мүшелерінің тәжірибесі негізінде тәрбиесі ісінде бекітілуі тиіс. Заң биліктен жоғары тұрса ғана әділеттік орнайды. Заң алдында бәрі бірдей болуы тиіс. Қоғамда заңға қайшы әрекеттің куәсі болса, әрбір азамат оны болдырмауға тырысуы тиіс. Тиісті органдарға хабарлап, тәртіп бұзушының жазалануына себепкер болса, сонда ғана қызметін асыра пайдалану деректері азаюы, уақыт өте келе мүлде жойылуы мүмкін. Мұндай заң бұзушылықты болдырмау жолы – заңды қатайту, жазаны күшейту. Заңның орындалуы әр азаматтың ішкі санасы мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл ұстанымды қалыптастыру үшін балалық шақтан бастап дұрыс тәрбие беру аса маңызды. Жеткіншектің бойына адамгершілік пен әділдік ұғымдарын сіңіруде ата-ананың да, мектептің де, құзырлы органдардың да, полицияның да міндеті. Айнұр ЫСҚАҚ, аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы




