Туған жердің тазалығы мен көркеюі – баршаға ортақ міндет. Қоршаған ортаны таза ұстау – бір күндік науқан емес, әр азаматтың күнделікті мәдениеті мен жауапкершілігінен басталатын игі іс.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елді мекендерде тазалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сенбіліктерге мекеме қызметкерлері, жастар, тұрғындар және қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысып, ауыл көшелерін, қоғамдық орындарды абаттандыруға өз үлестерін қосуда. Мұндай жұмыстардың маңызы зор. Өйткені тазалық тек айналамыздың көркіне емес, адамдардың көңіл күйі мен өмір сүру жайлылығына да әсер етеді. Таза әрі жинақы орта тұрғындардың туған жерге деген құрметін арттырады.
Әсіресе өскелең ұрпаққа тазалықтың маңызын түсіндіру қажет. Баланың бойында табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, қоғамдық орындарды таза ұстау мәдениеті отбасынан және мектептен қалыптасады.
Айналаны таза ұстау үшін үлкен бастаманың қажеті жоқ. Қоқысты белгіленген орынға тастау, ауланы күтіп ұстау, көшені ластамау, жасыл желекті қорғау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің белгісі.
Туған жердің тазалығы – сол жерде тұратын әр адамның мәдениеті. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасын қолдап, қоршаған ортамызды таза ұстауға атсалысайық.




