Тазалық мәселесі – қоғам үшін әрдайым маңызды тақырып. Көшенің, ауланың, қоғамдық орындардың таза болуы ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігіне байланысты деп ойлаймын.
Соңғы уақытта елді мекендерде тазалық жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, сенбіліктер мен абаттандыру шаралары жиі ұйымдастырылып жүр. Мұның барлығы ауылымыздың көркейіп, қоршаған ортаның таза болуына оң әсерін тигізуде. Алайда тазалықты тек арнайы ұйымдастырылған шара кезінде ғана емес, күнделікті сақтау қажет.
Кейде тазалық жұмыстары жүргізілгеннен кейін де белгіленбеген жерге қоқыс тастайтын жағдайлар кездеседі. Бұл – біреудің еңбегін бағаламау ғана емес, өзіміз өмір сүріп отырған ортаға деген немқұрайдылықтың белгісі.
Меніңше, тазалыққа деген көзқарас отбасынан қалыптасады. Баланы кішкентайынан айналаны таза ұстауға, қоқысты арнайы жәшікке тастауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға үйрету – ата-ананың маңызды міндеттерінің бірі.
Таза әрі көрікті ауыл – баршаға ортақ арман. Сондықтан тазалықты сақтау тек тазалық қызметкерлерінің немесе мекеме мамандарының міндеті емес. Бұл – әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі. Өз ауламыздан, өз көшемізден бастап тазалыққа мән берсек, елді мекеніміз де көркейе түсетіні сөзсіз.
Өз тілшіміз




