Қоршаған ортаны қорғау – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды мәселелердің бірі. Табиғат – адамзаттың өмір сүруінің негізі, ал оны сақтау мен қорғау әрбір азаматтың жауапкершілігін талап етеді.
Өйткені табиғи байлықтарды сақтау – халықтың өмір сапасын арттырып қана қоймай, елдің тұрақты дамуының кепілі болып саналады. Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынып келеді. Соның бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы. Бұл бастама қоғамды тазалыққа, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және туған жерге жауапкершілікпен қарауға үндейді. Аталған акцияның маңыздылығын Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өткен болатын.
«Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі», – деген еді Президент.
Шын мәнінде, тазалық – ел келбетін айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Таза қала, көрікті ауыл – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Сондықтан елімізде жаппай қолға алынған бұл экологиялық акция өңірлерде де қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан бүгінде ауқымды экологиялық өзгерістердің қарсаңында тұр. «Таза Қазақстан» бастамасы осы үдерісте үкіметтің, бизнестің және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіріп, таза әрі тұрақты ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Ауданымызда да бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында «Таза Мақат» коммуналдық мекемесі құрылып, елді мекендерді қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мекеме қызметкерлері күн сайын көшелерді тазалап, тұрмыстық қалдықтарды шығару және санитарлық талаптарды сақтау бағытында еңбек етуде. Мекеме басшысы Қуаныш Исмагулов бұл бағыттағы жұмыс-тардың маңыздылығына тоқталды.
«Ауданда «Таза Мақат» коммуналдық мекемесі құрылып, тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта мекемеде бос жұмыс орындары жарияланып отыр. Бізге жұмысшы, жүргізуші секілді мамандар қажет. Алдағы уақытта тазалық жұмыстарын одан әрі күшейтіп, ауданымыздың санитарлық жағдайын жақсартуға күш саламыз», – дейді ол.
Дегенмен тазалық тек коммуналдық мекеменің ғана жауапкершілігі болмауы тиіс. Тазалық – барша қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат өз ауласының, көшесінің және қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет.Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, ауданда тазалық акцияларын жандандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында биыл да «Таза аула», «Таза көше» сынды байқаулар ұйымдастырылмақ.
«Жалпы ауданымызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы үздіксіз жүргізілуде. Өткен жылы құрылған «Таза Мақат» коммуналдық мекемесіне 25 арнайы техника табысталды. Атап айтқанда, КамАЗ жүк көлігі, трактор, экскаватор, автогрейдер, жүк тиегіш және жүк тасығыш көліктер берілді. Қазіргі таңда осы техникалардың көмегімен қоқысты уақытылы тазалау жұмыстары тиімді ұйымдастырылуда», – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Руслан Әліпқалиев.
Көктем мезгілі басталысымен аудан аумағында да тазалық жұмыстары жандана түсті. Барлық мекемелер мен ұйымдар «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосып, белсенді түрде сенбілік жұмыстарын ұйымдастыруда. Мәселен, наурыз айының алғашқы сенбісінде аудан көлемінде ауқымды сенбілік өтті.
Аталған шараға ауданға қарасты мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер мен жастар белсенді түрде қатысып, экологиялық шараға өзіндік үн қосты. Акция барысында қатысушылар өздеріне белгіленген аумақтарды, саябақтарды және полигон маңын қоқыстан тазартып, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға жеткізді. Мұндай шаралардың басты мақсаты – санитарлық тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе жастардың тазалық жұмыстарына белсенді қатысуы олардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана-сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, ауданымызда өткен жылы да «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар игі шаралар жүзеге асырылған болатын. Аудан әкімдігі тарапынан түрлі экологиялық байқаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың табиғатты қорғауға деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Өз кезегінде аудандағы тазалық жұмыстары аудан әкімдігінің де назарынан тыс қалған емес. Аудан әкімдігі аппаратының әрбір жиынында кенттер мен ауылдық округтердегі санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі ретінде қаралады. Мұндай бастамалар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға үлкен үлес қосады. Себебі тазалық – тек сенбілікпен шектелетін бір күндік шара емес, ол – күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық.
P.S: Тазалық – ұлт болмысының айнасы. Қоршаған ортаны таза ұстау арқылы біз болашақ ұрпаққа көрікті де жайлы мекен қалдырамыз. Сондықтан туған жеріміздің тазалығына бейжай қарамай, табиғатты қорғауға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Әрбір тұрғын өз ауласының, көшесінің, қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қарап, табиғатты аялауды өмірлік қағидаға айналдырса, қоршаған ортаның келбеті де өзгере түсетіні анық. Тазалық – тек бір күндік сенбілікпен шектелетін шара емес, ол күнделікті қалыптасуы тиіс мәдениет. Әр отырғызылған ағаш, әр тазартылған аумақ – табиғатқа деген жанашырлықтың көрінісі. Мұндай игі істер қоғамның экологиялық санасын арттырып, адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігін күшейтеді. Сондықтан елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы – баршамызды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды қадам. Туған жердің тазалығы мен көркеюі әрбір азаматтың жанашырлығына байланысты. Табиғатты қорғап, қоршаған ортаны таза ұстау арқылы ғана біз болашақ ұрпаққа жасыл желегі жайқалған, көрікті әрі жайлы мекенді аманат ете аламыз.
Ж.Қамза


