Табиғатты аялау оның байлығын болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді. Ағаш отырғызу және парниктік газдар шығарындыларын азайту климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылы қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акцияның мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның қатысуын арттыру. Бұл ретте экологиялық акция аясында аулаларын, көшелерін, саябақтарын таза ұстап, ағаш отырғызуға, сенбіліктерге және қоршаған орта мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шараларға қатысушы азаматтар көбейіп, белсенділігі артты. «Таза Қазақстан» бір реттік шара емес, мемлекеттің, бизнес пен азаматтық қоғамның тұрақты қатысуы мен қолдауын талап ететін ұзақ мерзімді бағдарлама. Олардың бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан экологиялық тұрақтылық саласында басқа елдерге үлгі бола алады. Дәстүр бойынша жаз, күз айларында аумақтарды қоқыстан тазартуға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған көптеген сенбіліктер ұйымдастырылды. Оған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де қатысып, ауыл әкімінің тазалық жұмыстарын жүргізуге жасақталған іс-шарасындағы белгіленген жерлерде тұрмыстық қалдықтарды тазалап, арам шөптерді, ошағандарды шабу жұмыстарын жасап, ауыл тазалығына үлестерін қосты.
Бақтыгүл ШЫҢДЫБАЕВА,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы


