Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы – табиғатты қорғауға ғана емес, қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Бұл – әр азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын іс жүзінде көрсететін игі бастама.
Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау, табиғатты аялау, қоғамдық орындарға ұқыптылықпен қарау – әрбір жастың азаматтық парызы деп есептеймін. Тазалық мәдениеті күнделікті өмір салтымызға айналғанда ғана туған өлкеміз көркейіп, болашақ ұрпаққа жайлы орта қалыптастыра аламыз.
Ауданымызда ұйымдастырылатын сенбіліктер мен көгалдандыру акцияларына жастардың белсенді қатысуы олардың елжандылығы мен қоғамдық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осындай игі істердің арқасында туған жеріміздің ажары артып, экологиялық мәдениетіміз де нығая түсуде. «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, әр адамның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс құндылық. Әрқайсымыз өз ауламыздың, өз көшеміздің, өз ауылымыздың тазалығына бейжай қарамасақ, еліміздің де келбеті көркейе түсері сөзсіз.
Әсел Мұратова,
Қызылқоға аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы.



