Тазалық – адамның мәдениеті мен ұқыптылығының көрінісі. Бұл қасиетті бала бойына ерте жастан қалыптастырудың маңызы зор. Балабақшадағы тәрбие жұмыстарының бірі – бүлдіршіндерді қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялауға және еңбекке баулу. Қазақстанның мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасында да балаларды балабақша ғимараты мен ауласында тазалық сақтауға үйрету міндеттері қарастырылған.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында балабақшаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі шаралар өткізіліп келеді. Бүлдіршіндер гүлдерге күтім жасап, аула тазалығына атсалысып, қоқысты дұрыс тастау, табиғатты қорғау туралы қарапайым түсініктер алады.
Тазалықты сақтау – тек аула мен бөлмені жинақылықта ұстау емес. Ол – жеке бас гигиенасын сақтау, заттарды орнына қою, ойыншықтарды ұқыпты пайдалану, табиғатқа зиян келтірмеу сияқты күнделікті әдеттерден басталады.
Баланың бойындағы тазалық пен ұқыптылық дағдысы тәрбиеші мен ата-ананың бірлескен еңбегі арқылы қалыптасады. Сондықтан әрбір бүлдіршінге «Тазалық – ортақ міндет» екенін қарапайым әрі түсінікті түрде үйретудің тәрбиелік мәні зор.
Индира Кұлбаева,
«Нұр-Шуақ" балабақшасының тәрбиешісі




