Қызылқоға өңірінің қадірлі ұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаздық еңбегімен ел игілігіне қызмет еткен Құлымбетов Бейісқали 1917 жылдың 1 қаңтарында Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келген.
1940 жылы Гурьев қаласындағы педагогикалық училищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап, ұстаздық жолын бастайды. Сол жылы ел басына күн туған шақта майданға аттанып, Отан қорғау жолында ерлік көрсетеді. 1942 жылы Моңғолия жерінде «ерекше десанттық-әуе» полкінің құрамында Жапония мен Манчжурия шекарасында қызмет атқарып, кейіннен 1943 жылы «Старая Русь» бағытындағы ұрыстарға қатысқан. Курск, Харьков, Одесса, Румыния, Венгрия және Чехословакия майдандарында шайқасып, ержүрек жауынгер ретінде көзге түседі.
Артиллериялық взвод командирінің орынбасары, «гвардия сержант» шенінде талай ұрыстың ортасында болып, жауға қарсы табандылық танытқан. Ерлігі еленіп, ол бірнеше жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. Атап айтқанда: • «За отвагу» медалі (27.11.1943 ж.); • «Орден Славы ІІІ степени» (04.05.1945 ж.); • «Орден Красной Звезды» (10.04.1945 ж.); • «30 лет Победы в Великой Отечественной войне 1941–1945 гг.» медалі (05.07.1977 ж.); • «60 лет Вооружённых сил СССР» медалі (21.10.1978 ж.); • «Орден Славы ІІ степени» (01.08.1986 ж.) және тағы басқа марапаттар. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, бар ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Тасшағыл совхозы мен Бесқала (Айдын) ауылдарындағы мектептерде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, кейін Қаракөл орта мектебінде зейнеткерлік жасына дейін ұстаздық етті.
Еңбегі еленіп, Бейісқали Құлымбетов «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен және 1977 жылы «Ветеран труда» медалімен марапатталған. Өмірлік жары Жұмағалиева Сая екеуі сегіз перзент тәрбиелеп өсірген: Марат, Гүлзина, Жарас, Қалжан, Сәнжан, Қалыш, Ильяс, Иса — бүгінде олардан тараған ұл-қыздар елге сыйлы ұрпақтар болып отыр. Қайраткер ұстаз, майдангер Бейісқали ата 1984 жылдың 24 тамызында дүниеден өтіп, туған ауылы Қаракөл топырағына жерленді. Ол — ел жадында ерлік пен еңбектің, ұстаздық пен адамгершіліктің мәңгілік үлгісі болып қала бермек.
Халқына білім нұрын сеуіп, жас ұрпақтың санасын оятып, олардың бойына өнер мен өнегені сіңіруге бар ғұмырын арнаған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Осы игі ісінің белгісі ретінде 2026 жылы Атырау қаласындағы Ақжар-2 ықшам ауданынан бір көшеге оның есімі беріліп, ел жадында мәңгілікке жаңғырды.
Тасболат БЕЙІСҚАЛИЕВ,
немересі


