«Заң мен тәртіп» туралы сөз қозғағанда балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі бүгінгі бала – ертеңгі қоғам мүшесі. Оның бойында заңға құрмет пен жауапкершілік неғұрлым ерте қалыптасса, соғұрлым оң нәтиже береді.
Аудан көлемінде жасөспірімдермен профилактикалық кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарына барып, оқушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Жол қауіпсіздігі, құқық бұзушылыққа жол бермеу, жеке бас қауіпсіздігі сияқты тақырыптар да назардан тыс қалмайды. Мәселен, тамыз айында аудан аумағында «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Оның мақсаты – оқу жылы басталар алдында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Сондай-ақ, Мұқыр ауылдық округінде полиция майоры М.Амангелдиевтің жасөспірімдермен өткізген кездесуінде де осы мәселелер қозғалды. Балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, құқық бұзушылыққа бармау, түрлі қауіптен өздерін қорғау жөнінде түсінік берілді.
Бала қауіпсіздігіне келгенде бір ғана мекеменің жұмысы жеткіліксіз. Мұнда ата-ананың да жауапкершілігі үлкен. Баланың кіммен араласатынын, бос уақытын қалай өткізетінін, қандай ортада жүргенін білу – ата-аналық бақылаудың бір бөлігі. Ең бастысы, баламен ашық сөйлесу қажет. Кейде баланың бойындағы өзгерісті уақытында байқаудың өзі үлкен мәселенің алдын алуы ықтимал.




