Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң – қоғамдық қатынастарды реттейтін негізгі құрал, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік кепілі.
Полиция саласында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагер ретінде қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін ерекше атап өткім келеді. Заңға құрметпен қарап, құқықтық мәдениетті қалыптастыру – елдің тұрақтылығы мен дамуының маңызды шарты. Бүгінде құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Алайда заң үстемдігін нығайту үшін тұрғындардың да белсенділігі қажет. Әр азамат заң талаптарын сақтап, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамаса, қоғамымызда тәртіп пен тыныштық орныға түседі. Заңды құрметтеу – өзіңді, отбасыңды және болашақ ұрпақты құрметтеу. Сондықтан баршамыз заң мен тәртіпті сақтауға атсалысып, қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Төлеген ӘБИЕВ,
полиция ардагері


