«Таза Қазақстан» акциясы – тазалық шараларынан әлдеқайда ауқымды ұғым. Ол – қоршаған ортаға деген құрметті, азаматтық жауапкершілікті, еңбекқорлықты және елге деген жанашырлықты қалыптастыратын қоғамдық бастама.
Аудан көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз. Ауданның көркеюі тек мемлекеттік мекемелердің жұмысына байланысты емес. Бұл іске әр тұрғын өз үлесін қоса алады. Бір тал көшет отырғызу, аула тазалығын сақтау, қоқысты белгіленген жерге тастау, сенбілікке қатысу – қарапайым көрінгенімен, нәтижесі үлкен істер.
Тазалық бар жерде тәртіп бар. Тәртіп бар жерде береке бар. Ал көркейген ауыл – тұрғындардың туған жеріне деген сүйіспеншілігінің нақты көрінісі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясын бір күндік науқан ретінде емес, күнделікті өмір салтына айналған ортақ құндылық ретінде қабылдауымыз қажет. Туған жердің тазалығы – әрқайсымыздың қолымызда. Ауданның әр ауылы таза, көрікті, жасыл желекке оранған елді мекенге айналса, бұл – баршамыздың ортақ еңбегіміздің жемісі. Таза ауыл – жайлы өмірдің кепілі. Таза табиғат – келер ұрпаққа қалдырар ең қымбат аманат.




