Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мектепке дейінгі ұйымдардың басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта елімізде мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен реттеледі.
Санитариялық талаптарға сәйкес, әрбір мектепке дейінгі ұйым қызметін бастамас бұрын нысанның талаптарға сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Балабақша ғимараттары сапалы ауыз сумен, электр жарығымен, жылыту және желдету жүйелерімен толық қамтамасыз етілуі қажет. Ұйым аумағы әрдайым таза ұсталып, қоқыс арнайы алаңға орнатылған, қақпағы тығыз жабылатын контейнерлерге жиналуы тиіс. Контейнерлер тұрақты түрде тазартылып, жуылып және залалсыздандырылады. Сонымен қатар кеміргіштер мен зиянкестердің пайда болуына жол бермеу мақсатында дератизация және дезинсекция жұмыстары уақтылы жүргізіледі. Балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, әр топта киім ауыстыратын бөлме, ойын бөлмесі, жатын бөлме, буфет және дәретхана қарастырылады. Ғимараттың бірінші қабатында міндетті түрде медициналық кабинет пен оқшаулау бөлмесі (изолятор) орналасуы қажет. Балабақшадағы барлық жиһаздар мен жабдықтар тәрбиеленушілердің бойына және жасына сәйкес болуы тиіс. Ойын және спорт алаңдарындағы құрылғылар қауіпсіздік талаптарына сай орнатылып, олардың үшкір немесе жарақат келтіруі мүмкін бөліктері болмауы қажет. Барлық ойын жабдықтары уақытылы жөнделіп, суға төзімді материалдардан жасалғаны жөн.
Сондай-ақ ұйым қызметкерлерінің жеке бас гигиенасын сақтауына барлық жағдай жасалуы тиіс. Қол жуу орындары ыстық және салқын сумен қамтамасыз етіліп, сабын мен қол кептіруге арналған құралдар үнемі қолжетімді болуы қажет. Мектепке дейінгі ұйымдарда өндірістік бақылау жүйесі ұйымдастырылып, санитариялық талаптардың сақталуы тұрақты түрде қадағаланады. Бұл балалардың денсаулығын қорғауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау – заң талабы ғана емес, әрбір баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан белгіленген қағидаларды қатаң сақтап, қолайлы әрі қауіпсіз тәрбие ортасын қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мөлдір ҒАБДЕЛ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы




