Мемлекет басшысының экономикалық ынтымақтастық саласындағы маңызды бастамаларының бірі – 2027–2030 жылдарға арналған ТМД-ның флагмандық индустриялық-технологиялық жобалар портфелін қалыптастыру. Бұл бастама қатысушы мемлекеттер арасындағы өндірістік байланысты нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және экономиканың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Аталған бағытта қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарды дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және өнеркәсіптік әріптестіктің тың бағыттарын қалыптастыруға басымдық беріледі. Мұндай жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ТМД кеңістігінде іскерлік байланыстарды дамытуға және жаңа өндірістерді іске қосуға қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін толық ашу. Осы мақсатта өзара саудадағы негізсіз кедергілерді азайту, қызметтер нарығын кеңейту және мемлекеттер арасындағы өзара инвестиция салуға қолайлы жағдай жасау маңызды.
Бұл шаралар ТМД елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Жалпы, бастаманың негізгі мақсаты – ТМД елдерінің өнеркәсіптік әлеуетін біріктіру, инновациялық өндірісті дамыту және өзара тиімді экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру.
Еңсеген ӘБИ,
ардагер -ұстаз




