Мал ұрлығының алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және мал өнімдерінің заңды айналымын қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы болып өтті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ет өнімдерін сату орындары мен мал сою бекеттеріне тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру кезінде мал өнімдерінің заңды айналымына қойылатын талаптардың сақталуы, өнімдердің тиісті ветеринариялық құжаттарының болуы және қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуы назарға алынды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен тұрғындарға ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, малды заңды түрде тасымалдау мен өткізудің тәртібі түсіндірілді. Профилактикалық жұмыстар барысында малды таңбалау, есепке қою және құжаттарын дұрыс рәсімдеудің маңыздылығы айтылып, мал ұрлығының алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мал ұрлығы – ауыл тұрғындарына елеулі материалдық шығын келтіретін құқық бұзушылықтардың бірі. Сондықтан әрбір азамат өз мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, малды қараусыз қалдырмауға, құжаттарын толық рәсімдеуге және заң талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Осындай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және заңдылықты нығайтуға өз үлесін қосады.
Өз тілшіміз



