Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен ұялы телефондарға әр түрлі сервистердің атын жамылған алаяқтар жалған SMS-хабарламалар таратып жатыр. Бұл – қоғамның қауіпсіздігіне төнген нақты қатер. Қаскүнемдер хабарламада «шұғыл», «тез әрекет ету керек» деген сөздерді әдейі қолданып, адамдарды асықтырып, қорқытып жеке деректерін, логин мен парольдерін алуға тырысады.
Асығыстық – алаяқтың басты қаруы. “Қазір шешпесеңіз, айыппұл салынады”, “аккаунтыңыз бұғатталады” деген сөздерге сеніп, сілтемеге өтпеген жөн. Олардың негізгі мақсаты – азаматтардың есептік жазбаларына және қаржылық қаражатына қол жеткізу. Осындай жағдайлардан сақ болу керек. Құқықтық мемлекетте тәртіп әр азаматтан басталады. Біздің міндетіміз – тек өзімізді ғана емес, ата-анамызды, үлкен кісілерді де қорғау. Олар алаяқтардың негізгі нысанасына айналып отыр. Бір рет түсіндіріп, телефонға антивирус орнатып берсеңіз – үлкен көмек. Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің кепілі. Әр азамат жеке деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Алаяқтардың арбауына түспей, қырағылық таныту – ортақ міндет.
Ербол ҒАЙНИЕВ,
аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы


