Жаңа Конституция елдің құқықтық және мемлекеттік дамуындағы маңызды кезең ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, конституциялық өзгерістердің мәні жекелеген нормаларды жаңартумен ғана шектелмей, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталуында.
Құқық саласының белгілі маманы, заң ғылымдарының докторы, профессор Талғат Сарсенбаевтың құқықтық жүйені жетілдіру жөніндегі ғылыми ұстанымдары да осы мәселелердің өзектілігін көрсетеді. Ғалым құқықтық мемлекеттің сапасы ең алдымен заңнаманың тұрақтылығы мен тиімділігіне, құқық саласындағы кәсіби даярлыққа және заң нормаларының іс жүзінде дұрыс қолданылуына байланысты екенін атап көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституциядағы жаңашылдықтар мемлекеттік басқарудың құқықтық негіздерін нығайтып қана қоймай, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етуі тиіс.
Себебі заң үстемдігі тек мемлекеттік органдардың қызметімен шектелмейді. Ол азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуінен, заң талаптарын құрметтеуінен және мемлекеттік институттардың шешімдерінің ашық әрі түсінікті болуынан көрінеді. Жаңа конституциялық модельдің тағы бір маңызды қыры – азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті күшейту. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік берсе, қоғам мүшелері де заң талаптарын сақтап, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге өз үлесін қосады. Құқықтық сарапшылар үшін мұндай өзгерістердің басты өлшемі – қабылданған нормалардың өмірде қаншалықты тиімді іске асатыны.
Осы ретте мемлекеттік органдардың кәсіби деңгейін көтеру, құқықтық институттардың өзара байланысын жетілдіру және заңгер кадрларды сапалы даярлау мәселелері ерекше маңызға ие. Талғат Сарсенбаевтың құқықтық білім беруді дамыту жөніндегі сараптамалық еңбектерінде де осы бағыттарға басымдық беріледі. Жалпы, жаңа Конституцияны құқықтық жаңғырудың келесі кезеңі ретінде қарастыруға болады. Оның басты құндылығы – мемлекет дамуының құқықтық бағдарын айқындап, заң мен тәртіп қағидаттарын қоғамдық өмірдің барлық саласында орнықтыруға негіз қалыптастыруында. Конституцияның әрбір нормасы азаматтың күнделікті өмірінде нақты сезілген кезде ғана конституциялық реформаның нәтижесі толық көрініс табады.
Сондықтан жаңа Ата Заң – тек мемлекеттік институттардың қызметін реттейтін құқықтық құжат емес, әділеттілік, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарын бекітетін қоғамның ортақ құқықтық негізі.
Гулмира Мақсот




