Конституция – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін басты құжат. Оның маңызы тек заң нормаларымен шектелмейді. Ата Заң елдің саяси жүйесін, әлеуметтік бағдарын және азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілік қағидаттарын белгілейді.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституциясының 1-бабында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген. Бұл норма мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары адам мүддесін қорғау болуы керектігін көрсетеді.
Ал 3-бапта заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен прогресс құндылықтарын орнықтыру секілді маңызды қағидаттар белгіленген. Осы талаптардың жүзеге асуы мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық мәдениетіне, қоғамдық жауапкершілігіне де байланысты.
Конституцияның 12-бабы әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығын бекітеді. Бұл – азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін маңызды кепілдіктердің бірі. Құқықтық мемлекет жағдайында заң талаптары баршаға ортақ болып, әрбір адамның құқығы қорғалуы тиіс.
Сонымен қатар 14-бапта заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені көрсетілген. Аталған қағидат қоғамда әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің құқықтық негізін қалыптастырады. Оның іс жүзінде орындалуы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, Конституция – ел бірлігінің, қоғамдық тұрақтылықтың және мемлекеттің құқықтық дамуының негізі. Оның қағидаттарын жүзеге асыру мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін талап етеді. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызды көрінісі.
Базаргүл Әбдуалиева,
аудандық соттың бас маманы




