Жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін аудандық оқушылар үйінде «Қалдық заттарға екінші рет өмір сыйла» тақырыбында экологиялық сайыс ұйымдастырылды. Оған әр түрлі үйірме оқушыларынан 16 оқушы қатысты.
Шараның басты мақсаты – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы олардың пайдасын арттырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту. Сайыс барысында, қатысушылар түрлі жарамсыз деп танылған заттарды пайдаланып, тың әрі креативті бұйымдар жасап шықты. Нәтижесінде, Қолөнер үйірмесінің оқушысы Расул Абдоллаұлы І орынды иеленсе, Қолөнер үйірмесінің оқушысы Азат Әлібек және Қызықты биология үйірмесінің оқушысы Айлин Кенжебайқызы ІІ орынды иемденді. Ал, Бейнелеу өнері үйірмесінің оқушысы Сабира Нұрлан, Ағылшын тілі үйірмесінің оқушысы Дана Мақсот және Сәндік қолданбалы өнер үйірмесінің оқушысы Балиіс Сырымдар ІІІ орынды жеңіп алды. Жарысқа қатысушы оқушыларға арнайы диплом, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
- Бұндай сайыс оқушыларды тек қолөнерге ғана емес, өз ойын жүйелі жеткізу қабілеттерін де дамытуға ықпал етеді. Оқушылардың жұмысы өздеріне бұйымның жаңашылдығына, эстетикалық көрінісіне және экологиялық маңыздылығына ерекше назарын аударды. Оқушылар пластик бөтелкелерден сәндік құмыралар, роботтар, ескі джинси маталардан картиналар, қағаз қалдықтарынан әсем композициялар дайындап, өз қиялдарының шексіз екенін көрсетті. Сайыс барысында оқушылар өз жұмыстарын таныстырып қана қоймай, оларды жасау барысында қолданылған әдіс-тәсілдер мен идеяларын кеңінен баяндады. Тағы бір айта кетерлігі, күнделікті тұтынып жүрген жеміс-жидектердің сыртқы қабағын кептіріп, оны арнайы уақтап, одан «Экошай» микс түрін жасады. Оқушылардың қалдық өнімдерін тұтынуға деген қызығушылықтары біртіндеп өсіп келеді. Демек, бұл сайыс оқушылардың экологиялық проблемаға деген жанашырлықтың көзін ашып қана қоймай, қалдықтарды қайта өңдеп, оларға жаңа өмір сыйлаудың мүмкіндігін де қоса көрсете алғандай, - дейді аталмыш сайысты ұйымдастырушы аудандық оқушылар үйі директорының міндетін атқарушы Гүлдәурен Аманқос.
Осындай игі шаралар жас ұрпақты табиғатты аялауға, үнемшілдікке және шығармашылыққа баулитыны сөзсіз. Ендеше, «Қалдыққа – жаңа өмір» ұраны әрбіріміздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы тиіс.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА


