Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау – қоғамдағы әрбір азамат үшін маңызды міндет. Қызылқоға ауданы аумағында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру бағытында полиция қызметкерлері тарапынан тұрақты жұмыстар жүргізілуде.
Полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі – қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, көшелер мен елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осы мақсатта күнделікті патрульдік бақылау ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жүзеге асырылады.
Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынудың және қоғамдық орындарда тәртіп бұзудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Профилактикалық есепте тұрған азаматтармен, тұрмысы қолайсыз отбасылармен және құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Алайда қоғамдық тәртіпті сақтау тек полицияның міндеті емес. Қауіпсіз қоғам қалыптастыруға әрбір тұрғын өз үлесін қосуы қажет. Ол үшін заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу және айналада болып жатқан келеңсіз жағдайларға бейжай қарамау маңызды.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі мақсаты – заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары және қауіпсіз қоғам қалыптастыру.
Қоғамдық тәртіп пен тыныштық – баршамызға ортақ құндылық. Сондықтан ауданымыздың қауіпсіз әрі тыныш болуы үшін полиция мен тұрғындар бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Әрбір азамат өз жауапкершілігін сезініп, заң талаптарын сақтаса, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың нығая түсері сөзсіз.
Қызылқоға ауданы полиция бөлімі




