Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен адалдығын қамтамасыз ету мақсатында елімізде мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бірқатар маңызды заңнамалық актілер қабылданған.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесін, олардың міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды. Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға, оны болдырмауға және жоюға бағытталған құқықтық негіздерді қалыптастырады. Осы заңнамалармен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін реттейтін негізгі құжаттардың бірі – Әдеп кодексі болып табылады. Бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттарын белгілеп, олардың қызмет барысында және қызметтен тыс уақытта да қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілер заңдылықты қатаң сақтап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, қызметтік міндеттерін адал әрі кәсіби деңгейде орындап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға, өз мінез-құлқымен мемлекеттік қызметтің беделін түсірмеуге міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты қағидаттарының бірі – ашықтық пен есептілік.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде жеке мүддені емес, қоғамдық мүддені басшылыққа алуы тиіс. Мүдделер қақтығысын болдырмау, сыйлықтар қабылдаудан бас тарту, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдаланбау – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қоғамның барлық мүшесінің ортақ міндетіне айналып отыр. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен қатар азаматтық қоғам институттары мен әрбір азамат белсенділік танытуы қажет. Қызылқоға аудандық сотында да мемелекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтау жұмыстарына ерекше мән берілген.
Бұл тұрғыда мамандар арасында әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау жөнінде семинарлық сабақтар өткізіліп, жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып отырады. Сондай ақ, қажеттілігіне қарай өткен апталық жедел кеңестерде мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, әдеп талаптарын сақтау жөнінде сот төрағасымен күн тәртібінде мәселе көтеріліп отырады. Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілердің заңнаманы және Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтауы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың, халық сенімін нығайтудың және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі кепілі болып табылады.
Гауһар ШЕЛТЕУОВА,
аудандық сот әкімшісінің басшысы




